Атырауда «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды
Бұл туралы облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді пайдалану талаптарының сақталуын тексеру, сондай-ақ сертификатталмаған тауарларды анықтау арқылы қоғамдық орындарда, тұрғын үйлерде төтенше жағдайлардың алдын алу.
«Профилактикалық жұмыстар аясында төтенше жағдай қызметкерлері базарлар мен сауда орталықтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды мерекелік кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақыруда. Атап айтқанда, жаңа жылдық шыршаны дұрыс орнату, гирляндалардың жарамдылығын тексеру, электр желісін шамадан тыс жүктемеу және пиротехниканы тек ашық алаңдарда пайдалану қажеттігі ескертілді», – деді Б.Абдуллин.
Айта кетейік, сапа сертификаты жоқ пиротехникалық өнімдерді сатқан тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Ал пиротехниканы белгіленбеген орындарда қолданғандар ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.