Атырауда әйелдердің кеудесін тексеретін кабинетке бейнебақылау қойылған
Атырауда онкодиспансердегі маммография кабинетіне орнатылған бейнебақылау камерасы әйелдердің наразылығын тудырды.
Астана, NEGE. Кабинетке бейнекамера орнатылғандықтан маммографиядан өткен әйелдер өзін жайсыз әрі қорғансыз сезінген, деп жазады Ақ Жайық басылымы.
Пациенттерге бейнежазба жүргізіліп жатқаны алдын ала хабарланбаған.
Әйелдердің сөзінше, маммография сезімтал медициналық процедураға жататындықтан, тексеру кезінде бейнебақылаудың болуы стресс тудырған. Олар бұл жайт медициналық мекемеге деген сенімді әлсірететінін атап өткен.
Ал Атырау облыстық онкология диспансерінің әкімшілігі маммография кабинетіне бейнебақылау жүйесі қауіпсіздік талаптарына сай орнатылғанын және қызметкерлер бейнежазбаға қол жеткізе алмайтынын алға тартты. Бейнежазбаларды қарау құқығы тек аурухана директорына ғана берілген.
«Маммография кабинетіне бейнебақылау жүйесі қауіпсіздік талаптарына және жоғары технологиялық медициналық жабдықты пайдалану жөніндегі техникалық регламенттерге сәйкес орнатылды. Жүйе жабық контурда жұмыс істейді және медициналық ұйымның ортақ желісіне қосылмаған. Медициналық және техникалық қызметкерлер мониторға немесе бейнежазба архивіне қол жеткізе алмайды, сондықтан процедура кезінде пациентті көрмейді», – деп хабарлады медициналық мекеме қызметкерлері.
Олардың мәлімдеуінше, бейнебақылау маммографиялық аппараттың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ даулы медициналық жағдайлар туындаған кезде пациенттердің құқықтарын қорғау үшін жүргізіледі.
Медициналық мекемеде барлық деректердің қорғалғаны жеке атап өтілді.
«Ақпарат қорғалған серверде шифрланған түрде сақталады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен соң автоматты түрде жойылады», – делінген ресми жауапта.
Бұған қоса әкімшіліктің медициналық құпияның сақталуына, сондай-ақ пациенттердің ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына кепілдік беретіні айтылған.