4 Қараша 15:35
...

Атырау жастарына жаңа тұрғын үй бағдарламасы жол тартты

Фото:

Осыдан біраз уақыт бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастарға арналған бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді. Жаңа жоба «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының арнайы жүргізген сауалнамасы нәтижесінде жүзеге асқан.

Алматы, NEGE. «Жастар өзін сенімді сезініп, дамуға қабілетті болуы үшін не қажет?» деген сұраққа қатысушылардың 40,9 пайызы «өз баспанамның болуы» деп жауап қатқан.

Бұдан соң зерттеу орталығы «Отбасы банкпен» бірлесіп, ел өңіріндегі жастардың баспана жағдайын жақсарту мақсатында бірлескен бастаманы қолға алды.

Нәтижесінде  жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының арнайы жобасы әзірленді. Енді Атырау облысының тұрғындарына жаңа мүмкіндік берілмек. Аталған бағдарламаға 35 жасқа дейінгі мәдениет және спорт қызметкерлері,  дәрігерлер, мұғалімдер, журналистер, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, қатыса алады. Сондай-ақ, «жетім балалар» санаты бойынша үй кезегінде тұрған азаматтар мен әлеуметтік сала және коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері де қалыс қалмайды.

Осы ретте Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи мен Отбасы банкінің Атырау облыстық филиал директоры Нұрбол Құрман  аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі екіжақты келісімшартқа қол қойды.

Жобаға облыс әкімдігі тарапынан 1 млрд теңге, ал Отбасы банк 600 млн теңге қаражат бөлген.

Бұл игі бастама  бұған дейін Алматы, Астана, Қарағанды, Тараз, Қостанай және Алматы облысының жастарына ұсынылып, тұрғындар арасында сұранысқа ие болған. Ал Атырау еліміз бойынша  жобаны қолға алып отырған 7-өңір саналады екен.  Егер статистикаға зер салсақ, бұған дейін түрлі облыс әкімдіктері мен Отбасы банкінің жастарды несиелендіруге жұмсаған жалпы бюджет қоры 60 млрд теңгеден асқан.

«Атырау жастары» бағдарламасына қатысатын үміткерлердің тізімін жергілікті әкімдік жинақтамақ.  Онда арнайы құжаттар қабылданып, талап бойынша қатысушылар қатары іріктелген соң, жастар Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Үміткерлер банкте төлем қабілеттілігін растап, жылдық 5 пайызбен заем ала алады. Алғашқы жарна өзге өңір жастарына ұсынылғандай 10% мөлшерінде болмақ.

Ал талаптар тізбегіне тоқталар болсақ, өтінім берген кезде қатысушының жасы 35 жастан  аспауы және Атырау облысында немесе Атырау қаласында кемінде соңғы бір жыл аралығында тұрақты тіркеуде тұруы тиіс. Сондай-ақ өтініш берушінің  өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің де  Атырау облысында тіркеуі болуы ләзім. Мұнымен қатар  бағдарламаға қатысушының Атырау қаласында немесе Атырау облысында ресми жұмыс өтілі де болуы шарт.  Бұдан өзге отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауы қажет деп бекітілген.

Отбасындағы ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алатын бағдарлама аясында  әр үміткерге Атырау қаласынан үй сатып алу үшін 18 млн теңге, ал Атырау облысынан  үй сатып алу мақсатында 13 млн теңгеге дейін несие берілмек. Қатысушыларға алған несиесін 25 жылдың ішінде қайтару міндеттеледі.

«Бүгінгі таңда түрлі категорияларға арналған ипотекалық бағдарламалар көптеген жастар мен отбасылардың жүзіне қуаныш үйіруде. Соның ішіндегі «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Елорда жастары» сынды жобалар ел өңірлеріндегі біраз жандардың баспана мәселесін оңтайлы шешіп берген еді. Ендігі «Атырау жастары» бағдарламасының да жергілікті жас тұрғындардың  баспанаға қол жеткізуне септігін тигізеді деген сенімдемін», – дейді жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Мәдина Болатханқызы.

Тегтер: