Атырау облысындағы газ-химия кешенінде газ турбинасы іске қосылды
Nege.kz тілшісі хабарлады.
Айта кетейік, бұл жоба, яғни, компрессордың жаңа газ турбинасы полипропилен өндіретін Атырау газ-химия кешеніндегі маңызды кезеңдердің бірі еді. Енді әлемдік Siemens компаниясының регенерациялық ауа компрессоры үлкен ауа ағындарымен жұмыс істейді.
Жаңа құрылғыны іске қосуға келген «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай-химия жөніндегі орынбасары, «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов пен өзге де мамандар компрессор өте сапалы құрылғанын, ол шыдамды әрі жұмыс істеуге ыңғайлы екенін алға тартты. Айта кетейік, жобаның бас мердігері CNCEC компаниясы, ал, құрылғының өндірушісі – Siemens зауыты.
«Бұл зауыт Қазақстан Республикасының аумағындағы баламасы жоқ ең ірі жобалардың бірі екені сөзсіз. Мұнда ең озық технологиялар мен жабдықтар қолданылған, соның ішінде осы газ турбиналық қондырғы да бар. Жаңа зауыт Қазақстандағы полипропилен сұранысын толық қамтамасыз ете отырып, ел экономикасының дамуына үлес қосады, сондай-ақ экспортты да күшейтеді», – деп атап өтті ҚМГ басшысы Алик Айдарбаев.
Ал, бас мердігердің өкілі Сюэ Инлиннің айтуынша, жоба аясында бірге жұмыс істеген KPI, CNCEC және Siemens компаниялары газ турбинасын белгіленген мерзімде іске қосып отыр. «Бұл өзара тығыз әрі үйлесімді жұмыстың арқасы», – дейді ол.
Полипропиленнің 65 түрлі маркасын шығаратын зауыттың негізгі құрылысы 2021 жылдың желтоқсанында аяқталған. Мұнай-газ саласында осындай ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы «ҚазМұнайГаз» өз қызметіндегі жаңа бағытты игеріп, көміртектерді қазіргіден де терең өңдей алатын мүмкіндікке ие болып отыр. Ал, бұл дегеніміз, жалпы Қазақстанда жаңа саланың дамып, ел үшін де, Атырау облысы үшін де жоғары экономикалық, әлеуметтік пайда әкелетіні сөзсіз.