Атырау облысында коронавирустан аман аудан қалмады
Атырау облысында соңғы тәулікте 264 адамның ауру жұқтырғаны анықталды. Эпидемиологиялық ахуал әлі де көңіл көншітпейді.
Алматы, NEGE. Науқастар саны күн санап артып отыр. Медицина мамандарының жетіспеушілігі де өзекті мәселеге айналды. 694 орындық инфекциялық стационарда 653 науқас ем қабылдап жатыр. 895 орыны бар провизорлық стационарда 707 пациент дертіне шипа іздеп жатыр. Ал пневмониямен сырқаттанған 1307 адамның 707-сі стационарлық ем қабылдауда. Бұдан бөлек өңірде медицина мамандарының жетіспеушілігінен туындаған мәселе әлі күніге дейін ретке келмей отыр. Қазір облысқа 278 дәрігер жетіспейді.
Медицина саласына қазір үлкен сондай салмақ түсіп, олар өздері қазір түн-күнімен санаспай жұмыс істеп жатыр. Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған барлығы 6156 адам тіркеліп отыр. Оның басым бөлігі Жылыой ауданында. Нақтырақ айтқанда, Теңіз кен орнында қауіпті індетке шалдыққан 2063 науқас бар. Қазір ауру белгілері анықталмаған бір де бір аудан қалмады.
Карантиндік шектеулерге бағынбай отырғандар да бар. Өткен 5-6 шілде мереке күндері 130-ға жуық тәртіп бұзушылық анықталыпты. Оларға қатысты іс-құжаттар жауаптыларға жолданған. Дәрі-дәрмек жеткізу жұмыстары әлі де жалғасады. Қазір облыс бойынша 314 дәріхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның 223-і облыс орталығында. Олардың барлығын медициналық препараттармен қамтамасыз ету мақсатында алдағы сенбі күні тағы дәрі-дәрмек жектізілмек. Қажет болған жағдайда алдағы уақытта дәрілік өнімдер тағы да алынады. Сондай-ақ облыста қазір 41 жедел жәрдем көлігі жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімінің айтуынша, жуық арада олардың қатары 15 көлікпен толығады.