5 Тамыз 16:32
...

Атырау облысында 4500 адамды жұмыспен қамтитын екі ірі зауыт салынады

Фото:

Атырау облысында екі ірі зауыт салынады. 

Алматы, NEGE. Атырау облысында 4500 жұмыс орны ашылатын екі ірі зауыт салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, оның бірі – бутадиен, ккіншісі – газ өңдеу зауыты.

«Бутадиен зауыты ресейлік серіктес компанияның қатысуымен салынады. Бұл зауытта шина өндірісіне қажетті каучук өнімдері өндіріледі. Жобаның құны 800 млн АҚШ долларына бағаланып отыр. Жаңа зауытта 2500-ден астам жұмыс орны құрылады. Жоба құрылысы келесі жылы басталып, 2026 жылы қолданысқа беріледі», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Оның ацтуынша, газ өңдеу зауыты құрылысын биыл бастау көзделіп отыр. Шетел инвесторларымен бірлескен жобаның құны 500 млн АҚШ долларын құрайды. Зауыт құрылысында 2 мыңнан астам жұмыс ашылатыны жоспарланған.

«Аталған ірі инвестициялық жобалар Атырау облысының экономикалық, өндірістік қуатын арттырады. Өңірдің әлеуметтік ахуалының жақсаруына ықпал етеді. Сол себептен, екі ірі зауыттың құрылысына «Теңіз» кен орнындағы келешек кеңейту жобасының аяқталуына байланысты жұмыстан босатылған жұмысшыларды тарту мәселесін қарастырылып отыр», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кен орнында 6 мыңнан астам адам жұмыстан босатылатынын хабарлаған болатынбыз.

«Теңізшевройл» ЖШС күрделі жобалар жөніндегі бас менеджердің орынбасары Ербол Жұмағазиевтің дерегіне қарағанда Теңіз жобасындағы қызметкерлерді жоспарлы босату жұмыс көлемінің аяқталуына қарай жүзеге асырылады.

Мәселен, былтырғы қараша-желтоқсан айларына жасалған болжамға сәйкес 6 159 адам жұмыстан босату көзделген.

Тегтер: