АТЫРАУ мұнай өңдеу зауытындағы АПАТ: Елдегі жанармай қоры жеткілікті ме?

Кеше Атырау мұнай өңдеу зауытында апат болып, Атырау қаласының біраз бөлігі жарықсыз қалған. Түнгі сағат он бір шамасында Энергетика министрлігі зауытқа электр энергиясы берілгенін және зауыт жұмысы қалыпқа келе бастағанын хабарлады.
Атырау, NEGE. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, зауытқа электр энергиясы берілген. Зауыт жұмысы біртіндеп қалыпқа келеді. Мұнайды тереңдете өңдеу мен ароматика өндірісі мұқият тексеру жүргізілгеннен кейін және негізгі құрылғылардың дайындығы тексерілгеннен соң ғана іске қосылады. «Жағдай энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаздың» тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.
Түрлі себептермен зауыт жұмысы тағы тоқтап қалған жағдайда елдегі жанармай қоры жеткілікті ме?
Министрлік былай деп хабарлады: «Қазіргі уақытта Қазақстандағы мұнай базалары мен резервуарлардағы жанар-жағармайдың қоры мынадай: Аи-92 – 351 тонна (23 тәулікке жетеді), Аи-95 – 46 мың тонна (15 тәулікке жетеді), дизельдік жанармай – 520 мың тонна (29 тәулікке жетеді).
Ақорданың баспасөз қызметі: «Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы апаттардан кейін туындаған жағдайды ұдайы бақылауда ұстап отыр. Президент апаттардың себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады. Үкіметке аталған кәсіпорындарды қысқа мерзімде жұмыс жағдайына келтіру туралы тапсырма берілді», – деген хабарлама таратты.