Атырау облысындағы компаниялар 8 айда 33,5 млн тонна мұнай өндірді
Атырау облысындағы компаниялар 8 айда 33,5 млн тонна мұнай өндірген. Бұл туралы өңір тұрғындарымен кездесуде Энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов мәлім етті.
Алматы, NEGE. «Атырау облысы – еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласының флагманы. Былтыр Атырау облысында 52,5 млн тонна мұнай өндірілді. Осы жылдың 8 айында мұнай өндіру көлемі 33,5 млн тоннаны құрады», - деді Әлібек Жамауов.
Министр орынбасарының айтуынша, еліміздегі 3 кен орнында ірі жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Біріншісі – Теңіз кен орнында жүзеге асырылып жатқан келешек кеңейту жобасы. Бұл жоба мұнай өндіруді жылына 12 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Екіншісі – Қарашығанақ кен орнындағы компрессорлар құрылысы. Мұнда 4-ші және 5-ші газды қайта айдау компрессоры іске қосылып, 6-шы компрессордың құрылысы басталды. Бұл жобалар кен орнында өндіруді жылына 10-11 млн. тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған.
Ал, үшінші жоба – Қашаған кен орнынан өндірілетін газды өңдеу зауыты. Қазір жылына қуаты 1 млрд текше метр ілеспе газды қайта өңдеу бойынша жобаны іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ, Қашағанда қуаттылығы 2,5 млрд текше метр газды өңдейтін екінші зауыттың (2А фазасы) құрылысы бастау көзделген. Қазір оның жобасын іске асыру бойынша жұмыстар қолға алынған.
«Мұнай айналымын бақылау мақсатында мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл мұнай айналымының 95 пайызын қадағалауға мүмкіндік береді. Елімізде мұнай-химия жобаларын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Өткен жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске қосылды. Енді қуаты жылына 380 мың тонна бутадиен және жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіретін жобалар іске асыру сатысында тұр. Полиэтилентерефталат, метанол, карбамид өндіру бойынша жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнай химиясы экономиканың аралас салаларында шағын және орта бизнесті дамытуға серпін береді. Әрбір кейінгі қайта бөлумен мұнай-газ-химия өнімдерінің құны артады. Ал, 4-ші қайта бөлуден кейін өнімнің құны 10 есеге ұлғаяды», - деп атап өтті Әлібек Жамауов.