5 Қаңтар 16:48
...

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасыға қатысты тың дерек айтылды

Атырау облысы полиция департаменті
Фото: Атырау облысы полиция департаменті

Атырау облысында бір айдан астам уақыт бұрын хабар-ошарсыз кеткен бір отбасының төрт адамы іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress басылымы.

Астана, NEGE. 25 желтоқсанда қала тұрғыны полицияға жүгініп, Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында тұратын ағасының отбасымен ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай отырғанын хабарлаған. Іздестіріліп жатқандардың қатарында ерлі-зайыпты мен олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы бар.

Полицейлер іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қаралып жатқанын мәлімдеді.

«Іздеу жұмыстары бүкіл отбасыға қатысты жүргізілгендіктен, іс ауырлау бапқа қайта сараланды. Бұл азаматтардың қаза тапқанын білдірмейді, тек тергеу мүмкіндіктерін кеңейту үшін жасалды», – дейді Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов.

Полицей желіде бұл іс бойынша түрлі тексерілмеген ақпарат тарап жатқанын, ол ақпараттар тергеуге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертті.

«Іздеу жұмыстары республикалық деңгейде жүргізілуде. Медициналық мекемелер, соның ішінде жекеменшік клиникалар да тексеріліп жатыр. Ұялы телефондар Қазақстан аумағында қосылып-өшірілген, соңғы рет Шымкент қаласында тіркелген. Арнайы жедел топ құрылып, министрлік тарапынан тиісті мамандар бекітілді.

Әлеуметтік желілерде тараған расталмаған ақпарат тергеуге кедергі келтіруі мүмкін, сондықтан тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз», – дейді ол.

Полиция жоғалғандардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуға шақырады: 98-20-78, 98-20-88 немесе +7 701 304 00 12.