Атырау облысында оқушылар уақытша онлайн оқиды
Атырау облысында қолайсыз ауа райының салдарын жою жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
Қазгидромет мәліметінше, бүгін Индер ауданында желдің екпіні 30 м/с-қа, Атырау қаласында 24 м/с-қа дейін жеткен. Түнде облыс бойынша жел 23–28 м/с-қа күшейіп, ертең күндіз 18 м/с, кешке қарай 15–18 м/с болады деп күтілуде. Сол себепті барлық қызмет күшейтілген режимдегі жұмысты жалғастыруда.
Төтенше жағдайлар департаменті ұшқан шатырларды жинау және демонтаж жұмыстарын ұйымдастырды, автожолдардың жекелеген учаскелері жабылды, тасжолдарға кезекшілік қойылып, жылыну қосындары ашылды және құтқару бригадалары жұмылдырылды.

Облыс аудандарында бірқатар нысанға зақым келген. Индер ауданында 6 нысанның шатыры бүлініп, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарына 7 бригада мен 8 техника тартылған. Мақат ауданында мектептің шатыры бұзылған, электр желілерін қалпына келтіруге 6 апаттық бригада жұмылдырылды. Махамбет ауданында екі нысан — аудандық емхана мен 60 пәтерлі тұрғын үйдің шатырларына зиян келіп, 5 бригада жұмыс істеуде. Құрманғазы ауданында мектеп, мәдениет үйі, амбулатория және спорт залына зардап тиген. Атырау қаласында 7 нысанның шатыры мен қасбеті бүлінген. Исатай және Қызылқоға аудандарында жағдай тұрақты, күшті желдің айтарлықтай зияны тіркелмеген.
Серік Шәпкенов бүлінген нысандарды жедел оқшаулап, адамдардың қауіпті аумақтарға кіруіне жол бермеуді, сондай-ақ полиция органдарымен бірге ұшқан шатырларды уақытында жинау және демонтаж жұмыстарын айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.
Бүлінген нысандардың әкімшілігіне және салалық басқармаларға әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіру бойынша алдын ала есептерді дереу дайындау, оған резервтік қордан қажетті қаражат бөлуді қарастыру, ал кепілдік мерзімі аяқталмаған нысандарды жөндеуді мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері аясында қамтамасыз ету жүктелді.

"Атырау Жарық" ЖШС мәліметінше, облыс бойынша 105 нүктеде электр жарығының сөнуі тіркелген. Негізгі себеп — сымдардың үзілуі және бір-бірімен айқасуы. Ақауларды жоюға 40 бригада жұмылдырылған, оның 11-і Атырау қаласында. Қалыпқа келтіру жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр, 85 пайызы аяқталды.
Облыс әкімі диспетчерлік қызметтердің жұмысын күшейтуді және қалыпқа келтіру жұмыстарының мерзімі жайында тұрғындарды уақытында хабардар етіп отыруды тапсырды.

Сондай-ақ автожолдардағы қозғалыс шектеулерінің сақталуына бақылауды күшейту, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тасжолдарда уақытша тоқтап тұрған жүргізушілер мен жолаушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жүктелді.
"Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру нысандарын ауа райы тұрақталғанша онлайн оқыту форматына көшіру қажет. Бұған қоса, желдің күшеюіне байланысты бүліну қаупі бар ғимараттар мен құрылыстарға тұрақты мониторинг жүргізілуі тиіс. Ұйым басшыларына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырамын", — деді облыс әкімі.
Қазгидромет болжамына сәйкес, 15 желтоқсанның кешіне дейін боран соғады.