20 Желтоқсан 14:24
...

Атырау облысында энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті

Атырау облысы әкімдігі
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Желтоқсанның үшінші жексенбісі – еліміздегі энергетика саласы қызметкерлерінің күні. Осыған орай облысты жарықпен қамтамасыз етіп отырған мамандар марапатталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кеш басында Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аймақ басшысының атынан құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ сала қызметкерлері мен ардаргерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.

Атырау облысы әкімдігі
Атырау облысы әкімдігі

«Ел Президенті алдымызға энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндет қойды. Осы орайда өңірімізде көптеген жұмыс жасалды. 2025 жылы облыс бойынша 192 шақырым электр желісі ауыстырылып, жаңғыртылды. Сонымен қатар Атырау қаласының оң жағалауын тұрақты электрмен қамту мақсатында қуаттылығы 32 МВт болатын "Нұрсая–Самал" қосалқы стансасының құрылысы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның бәрі энергетиктердің табанды еңбегімен жүзеге асты», – деді Қ.Нұртаев.

Іс-шара барысында бір топ азаматқа ҚР Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін», «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілері тағылды. Оған қоса сала үздіктеріне ҚР Энергертика министрілігің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты және облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Атырау облысы әкімдігі
Атырау облысы әкімдігі

ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатын алғандардың бірі – «Атырау жылу электр орталығы» АҚ оқшаулаушысы Раушан Сағымбаева. Оның энергетика саласында қызмет етіп жүргеніне 25 жылдан асыпты.

«1998 жылдан бастап осы саладамын. Бүгін еңбегімнің ақталған күні. Салаға қосып жүрген үлесімді бағалап, алғысқа бөлеп жатқан басшылыққа ризашылық білдіремін», – деді Р.Сағымбаева.

Кеш соңында энергетиктерге концерттік бағдарлама ұсынылды.