Атырау облысында белгісіз індеттен түйе қырылып жатыр

Атырау облысы Құрманғазы ауданының бірнеше ауылында белгісіз індеттен түйелер қырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. Жауапты мамандар маусым айынан бері 200-ден аса түйе ауырып, 84-і қырылғанын растап отыр.
Індет тараған Құрманғазы ауданының Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш ауылдарындағы ахуал күрделі. Ал тұрғындар мұндай жағдай былтыр да тіркелгенімен мал шығыны көп болмағаны айтады.
– Менің өзімнен қазір 5 аналық түйе, 2 бота өлді. Дәрігерлер қолынан келгенше көмектесіп жатыр. Біз тек сол малменен күн көріп отырмыз, – дейді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Фазиля Қабдолова.
Тұрғындар түйден бөлек жылқы малынан да белгісіз ауру шыққанын айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр.
Мамандар ауырудың себебін анықтау мақсатында сынама алып, зертханаға жіберген. Бірақ, Ұлттық референттік ветеринариялық орталық қоздырғаштардың жоғын анықтаған.
– Облыс әкімдігі тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне ұсыныс хат жолдап, осы індеттің нақты неден пайда болғанын анықтау мақсатында арнайы мамандарды жіберуін сұрадық. Сол бойынша қазір хабар күтіп отырмыз, – деді Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ветеринария бөлімінің бас маманы Ықылас Азаматов.
Құрманғазы ауданында күйісінен жаңылып, белгісіз дертке шалдыққан 47 түйені мал дәрігерлері емдеуде. Ал өлген малды жергілікті әкімдік пен ветеринариялық қызмет мамандары талапқа сай жойып жатыр.
Құрманғазы ауданында күйісінен жаңылып, белгісіз ауруға шалдыққан 47 түйені мал дәрігерлері емдеп жатыр. Ал өлекселерді жергілікті әкімдік пен ветеринариялық қызмет мамандары талапқа сай жоюға кірісті.