Атыңызда үй бар ма?
Көп жандар атында үй тіркелгені, тіркелмегенін білмейді. Себебі жекешелендіру кезінде бірнеше адамға бөліп жазылған үлестері бар, жұбайының атына жазылған үй бар болып шығады. Мысалы, мұндай жағдайда адамның атында үй бар деп есептеле ме?
Жалпы мүлікке деген меншікті заң тұрғысынан бір ресми құжат – Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі анықтайды деп жазады, ИпотекаБлог. Және барлық шарттар мен келісімдер осы Кодекс аясында жүзеге асырылады. Кодекстің 209 бабына сәйкес — екі немесе одан да көп адамға тиесілі мүлік ортақ меншік деп саналады.
Жылжымайтын мүлікке ортақ меншік деген не?
Ортақ меншік үлес салмағы анықталмаған, екі немесе одан көп адамның барлығына бірдей тиесілі жылжымайтын мүлік. Мысалы, ерлі-зайыптылардың үйі немесе бірнеше бауырға тиесілі бір баспана. Ортақ меншік құқығының пайда болуы екі немесе одан да көп адамның бір үйді сатып алу, жекешелендіруі, мұрагерлікке не сыйлыққа алуынан пайда болады. Жалпы егер бір мүлік сізге және басқа жанға ортақ мүлік деп саналса, онда сізде де, ол адамның атында да үй бар деп есептеледі. Мұндай жағдайда сіз мемлекеттік ипотекаларға қатыса алмайсыз.
Ортақ мүлікте сіз ондағы үлесіңіздің қанша екенін білмейсіз. Сондықтан да ол ортақ мүлік. Ал енді осы ортақ мүлікті бөлу қажет болған жағдайда, ол үлеске бөлінетін болады. Үлесті үйге меншік құқығы бар тұлғалар өзара келісіп, нотариус арқылы бөле алады. Немесе, олар дауласып, келіспей жатса, онда сот бөліп береді.
Үлестік мүлік деген не?
Ортақ жылжымайтын мүлікті нотаруис арқылы, немесе сот шешімімен үлеске бөліп алсаңыз, онда сізде үйдің үлесі бар деп есептеледі. Мысалы, екі адам бөліп алса, бірінде 50 пайыздық үлес болуы мүмкін. Тіпті бір үйді 5 адам 20 пайыздық үлеспен бөліп алса болады.
Мүлік және неке
Некеге тұрғанға дейін ерлі-зайыптылардың біріне тиесілі, сондай-ақ олар некеге тұрып жатқан кезде сыйлық ретінде немесе мұра ретінде алған мүлік олардың әрқайсысының меншігі болып табылады. Ал некеге тұрғаннан кейін сатып алынған үй ортақ меншікке жатады. Ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі болып табылатын мүлік бөлінген жағдайда олардың үлестері, әдетте, тең деп танылады. Бірақ кей жағдайларда сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін ескере отырып, ерлі-зайыптылардың тең үлестік принциптерінен бас тартуы мүмкін.