29 Маусым 17:11
...

Аты қалды, өзі кетті. НАЗАРБАЕВТЫ билік НЕГЕ барынан айырып жатыр?

Фото:

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев енді өзінің атындағы университетті, мектепті және қорды басқармайтын болды. Қамқоршылық кеңестің басшылығынан кетті. Бұл құзірет қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өтті. Осындай өзгерістерді заңдастыратын түзетулерді бүгін Сенат бір ауыздан мақұлдады. Бұдан былай Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға білім гранттарын экс-президент емес, қазіргі президент бөлмек.

Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев барлық құзіреттерінен бірте-бірте айырылып жатыр. Қазақстандық сарапшылар бұл мәселеге байланысты NEGE-ге төмендегідей пікір білдірді.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

Халыққа бір тиын пайдасы болмады

– Қазақстанда әлі де болса, билік транзиті жүріп жатыр. Президенттің бүгінгі мақсаты – олигополиялық, олигархиялық Назарбаев кланын әлсірету. Сондықтан биліктің бәрін өз қолына алып, оны жеке басына емес, халықтың игілігіне, мемлекеттің көркеюіне бағытталатын әлеуметтік-экономикалық рухани шараларды жасамақ.

Назарбаевтың қолында болса, ол қазір ештеңе жасай алмайды. Қордың ақшасы қайда кетеді? Өзінің кланына жұмсалады. Президент аппараты да, өзі де мұны жақсы түсініп отыр. Назарбаев кланы толық жойылмайынша, Қазақстанға бақыт келмейді.

Баяу, сылбыр қимылдап жатырмыз. Батылдық керек. Шетелге кем дегенде 150 миллиард қаражат шығарылды дейді. Соның 100 миллиарды елге келсе, Қазақстанның ахуалы тамаша болар еді.

Жоқ дегенде Қонаевтың еңбегіндей Назарбаевтың елге еңбегі сіңсе, мектебінің, университетінің атын қалдыруға болар еді. Меніңше, атауын да өзгерту керек. Оның халыққа бір тиын пайдасы болмады. Тек қана жеумен айналысты. Бұлар өз халқына қарсы адам шошырлық қылмыстар жасады. Көшелердегі атын да алып тастау керек. «Отыз жыл басқарды, бірақ дұрыс басқармады» деп шындықты айту қажет. Тарихшылар осыны әлі батыл айта алмай жатыр.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Билік Қаңтар оқиғасынан кейін ойын ойнап жатқан тәрізді

– Қамқоршылар кеңесінің басшысы – номиналды ғана орын. Соны ұйымдастырған, қаржыландырған адам өле-өлгенше істей береді. Бұл – мемлекеттік қызмет емес. Қоғамдық деңгейдегі атақ тәрізді нәрсе. Қоғамдық бағыттағы қорларда немесе үкіметтік емес ұйымдарда бұрынғы президенттің қала бергені дұрыс болар еді. Өйткені, бұл – өзінің «туындысы». Сондықтан, мұны түсінбей тұрмын.

Меніңше, бір ғана себебі бар. Қазіргі билік Қаңтар оқиғасынан кейін ойын ойнап жатқан тәрізді. «Назарбаевтың туған-туыстарын, істеген істерін орнына келтіреміз» дегендей.

Олар халық Назарбаевқа ғана қарсы деп ойлайды. Негізі, халық жүйеге қарсы. 162 олигархтың бәрі назарбаевтық жүйе тәрбиелеген адамдар. Тек қана туыстарын қысып, соларды жазалап, негативті жұмыс істеу арқылы елге жақсы көріну жолына түскен сияқты.

Зияткерлік мектепті алу – сол тәсілдің жалғасы. Бұл – үлкен қателік. Өз басым, Назарбаев 2019 жылы биліктен кетті деп есептеймін. Бітті. Ол басқарған дәуірді коммунистік партияның, әкімшілік-әміршілдік жүйенің жалғасы деп білемін. Тек қана жеке басқа табынушылық қосылды. Басқару жүйесі өзгермеді. Советтік басқару жүйесі әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.

Оразалы СӘБДЕН, экономист:

Бұл – шетелдегі милиардтаған ақшаны қайтарудан да маңызды

– Назарбаев университетіне миллиардтаған қаржы салынды. Оның қайда кетіп жатқанына, сапасына ешқандай бақылау жоқ. Қамқоршылық кеңес, парламент, үкімет тұрғысынан ешкім қадағалаған емес. Қаржыға сұрау болмады.

Жыл сайын әлемнің үздік университеттерінің рейтингтері жарияланады. Солардың біреуінде жоқ. «Жақсы университет» деп ешкім атаған емес. Біз әбден шетелге еліктеп біттік. Шетелдің де жақсысы бар, жаманы бар. Шетелден әкелінген мамандарға қанша қаржы жұмсалып жатыр. Бізде де небір талантты азаматтар бар. Олардың біреуін де алмайды. Бірен-саран бар да шығар, бірақ қаржы шетелге ысырап болып жатыр.

Мұның бәрі аудиттен өтуі тиіс. Кадрлық, қаржылық және меншіктік аудит жасап, заңдық тазалығын тексеру керек. Осы күнге дейін өткізілген емес, бұл. Қамқоршылық кеңестің басшысы Президент болып жатса, ол жақсы. Дұрыс нәрсе. Бұл жауапкершілікті күшейтеді.  Көп кемшіліктің біреуі түзелетін болады.

Білімсіз ел – сусыз диірмен. Білімді ел ғана қиындықтан жол тауып шыға алады. Білімді азаматтар мектептерден, университеттерден шығады. Білім сапасына мән беру – өте маңызды дүние. Шетелдегі милиардтаған ақшаны қайтару керек деп жатыр. Бұл – одан да маңызды. Себебі, білімді ұрпақ тәрбиелеуден асатын маңызды іс жоқ.

Тегтер: