«Атамнын аманаты» ҚБ төрағасы: Ақпараттық кеңістікте шоқ үрлемейік!
«Атамның аманаты» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мұрат Молдағалиев ресейлік «Офицеры России» ұйымына қарата мәлімдеме жасады.
Алматы, NEGE. Естеріңізде болса, ресейлік ұйым «Қазақстанда орыстілділерге шабуыл жасалып жатыр» деп байбалам салған болатын. Сондай-ақ олар бұл «шабуылдарға» ұлттық және діни сипат бергісі келген.
«Офицеры России» ұйымының төрағасы С.Липовой.
«Біз мұндаймен мүлдем келіспейміз! Біздің еліміздің ұлтаралық келісім саясаты Қазақстан халықтарының бірлігін нығайтуға күш салады.
Біздің елдің негізгі заңы – Конституция барлық азаматтардың ұлты мен дініне қарамастан, құқығы мен бостандығына кепілдік береді. Арандатушы мәлімдеме жасауға, желсіз күнде қайықты шайқауға еш негіз жоқ.
Мұндай популистік мәлімдемелер Қазақстан мен Ресей арасында көп жылдан бері қалыптасқан достықты нығайтуға сеп болмайды. Қазақстан – көпұлтты мемлекет екені бәріне белгілі, біз әртүрліміз, бірақ біргеміз.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалған немесе қаза тапқан солдаттардың ұрпақтары хабарласады. Біз бұған ешқашан этникалық мәселе деп қараған емеспіз. Жақындарын бәрі іздейді, бұл жерде ұлты маңызды емес. Өйткені біздің аталарымыз жаумен иық тіресіп тұрып соғысты. Олар бөлінген жоқ.
Біз Ресей Федерациясының қоғам қайраткерлерін ақпараттық кеңістікте шоқ үрлеп, жоқ дауды қоздатпауға, ұлтаралық мәселені өз пайдасына жаратып қалуға тырыспауға шақырамыз. Тілге, ұлтқа байланысты кез келген мәселені өз пайдасына жаратуға болмайды», – деген қазақстандық қоғамдық бірлестіктің төрағасы ресейлік әріптестерін екі елдің достығына сызат түсірмеуге шақырды.