9 Қазан 14:37

Атамқұлов «Штирлиц» емес екен

Фото:

24 қыркүйек күні порталымызда «Атамқұлов «Штирлиц» пе?» деп аталатын мақала жарияланған. Онда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Д.Қоспабаевтың Солтүстік Қазақстан облысындағы қызметкерлеріне жұмыс уақытында геолокациясын жіберуді міндеттеген хаты сөз болды.

Осы мәселеге қатысты Nege.kz порталы министр Б.Атамқұловтың атына ресми сауал жолдаған. Сауалдарымызға төмендегідей жауап келді:

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жемқорлыққа қарсы атқарылған шаралар және геолокация белгілеуі бойынша сауалдарыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды.

1. Жемқорлыққа қарсы қызметтің хатына байланысты қандай шешім қабылданды?

ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 21-тармағына сәйкес
, «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің тәртiптiк жауаптылығын ҚР Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия қарайды.

Осыған байланысты Министрлік С.Қ.Гилимовқа қатысты материалдарды Ұлттық комиссияның қарауына жолдады.

2. С.Гилимов қазір қайда?

Қазіргі уақытта С.Гилимов еңбек демалысында.

3. Жемқорлыққа тосқауыл қою үшін министрлік қандай шаралар атқарып жатыр?

Министрлікте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылдап жатқан шаралар:

«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» ҚР Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығын іске асыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2020-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Министрлікте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, қоғамдық бірлестіктер және «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдерінен құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес өз жұмысын жалғастыруда.

Кеңестің кезекті отырысы 2020 жылдың 16 қыркүйегінде өткізілді.

Кеңес қорытындылары бойынша баяндаушыларға хаттамаға сәйкес тапсырмалар берілді.

Мемлекеттік қызмет істері агентігі әзірлеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін басшыларды жауапкершілікке тарту және орнынан түсу институтын іске асыру бойынша іс-қимыл алгоритміне (бұдан әрі-іс-қимыл алгоритмі) сәйкес, құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволар басшы құрамының лауазымдық нұсқаулықтарына бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін көздейтін толықтырулар енгізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа жалпыға бірдей нөлдік төзімділікті қалыптастыру және азаматтардың Министрлікке деген сенімін арттыру үшін жарғының негізінде қоғаммен байланыс үшін адалдық Аланы бланкісі, адалдық Алаңы электрондық поштасы info@aamiid.kz, WhatsApp арнасы 87088000911, Адалдық Алаңы сайты және Facebook беті құрылды.

Бұдан бөлек, Көлік комитетінде келесі жұмыстар атқарылуда:

2020 жылдың 8 айында көліктік бақылау органдары мемлекет кірісіне 3 млрд 39 млн теңгеден астам, ал 2019 жылы – 6,5 млрд теңге алымдар мен айыппұлдарды өндіріп алды

Автомобиль жолдарына 2019 жылы 980 млрд теңгеге, ал 2020 жылдың 8 айында 1 трлн теңге залал келтірудің жолы кесілді.

Жыл сайын аумақтық бөлімшелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі.

Тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істейді. 2020 жылдың 8 айында сенім телефонына 168 өтініш, WhatsApp messenger-ге 56 өтініш келіп түсті. Барлық өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Көліктік бақылау барысының ашықтығы үшін видеожетондарды қолдана отырып, бақылауды жүзеге асыру заңнамалық түрде бекітілген. Мұндай жаңашылдықтың оң нәтижесі бойынша жүргізушілердің пара беруінің 9 фактісі анықталды. Фактілер туралы хабарлаған қызметкерлер ақшалай сыйақымен марапатталды.

4. Жемқорлықты болдырмау үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлеріне жұмыс уақытында ортақ чатқа геолокациясын белгілеуді міндеттеу кімнің идеясы?

Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты елімізде қашық режимде жұмыс атқару ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге дейін Комитеттің 50% қызметкерлері қашық режимде жұмыс атқаруда. Алайда кейбір қызметкерлердің тарапынан қашық режимін пайдаланып, еңбек тәртібін сақтамау орын алған. Яғни, жұмыс уақытында жеке мәселелермен айналысқан. Соның бір мысалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының Автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің басшысы кәсіпкерден пара алған деген күдікпен жұмыс уақытында жұмыс орнынан тыс жерде ұсталған.

ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес жұмыс беруші қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі, сондай-ақ еңбек міндеттерін қауіпсіз орындауды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау тәртібін айқындауға құқылы.

Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының жасырын тергеу әрекеттерінің деректеріне жүгінсек, пара алды деген күдікпен ұсталған аумақтық органдардың қызметкерлері жұмыс уақытында жұмыс орнынан тыс жерлерде өзге кісілермен аталған мәселе бойынша кездесу фактілері жиі орын алған.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік қызмет негізделетін қағидаттардың бірі болып мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi анықталған, сонымен қатар мемлекеттік органдар бекітетін мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртіптемесі қағидалары жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимін белгілейді.

ҚР Еңбек Кодексінің 63-бабында еңбек тәртіптемесінің қағидаларында жұмыскерлердің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты, еңбек тәртібін қамтамасыз ету жағдайлары, еңбек қатынастарын реттеудің өзге де мәселелері белгіленетіні бекітілген.

Жоғарыда аталған бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, қызметкерлердің еңбек тәртібін бұзуға қарсы қолданылған шараның бірі болып «Еңбектік функцияларын жүзеге асырудың кейбір мәселелері туралы» ереже қабылданды. Бұл ереженің талаптары тек қызметкердің жұмыс уақытына ғана таралады. Аталған ереже мен оған ілеспе хат Көлік комитетінің ішкі құжаттары болып табылады, сондай-ақ, «Әкімшілік рәсімдер туралы» ҚР Заңының 13-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін ғана берілетін және қызметтен тыс мақсаттарда пайдаланылмайтын құжат».

Редакциядан: Соңғы сауалымызға берілген жауаптан түсінгеніміз, қарамағындағы қызметкерлерден геолокация жіберуді талап ету министр Б.Атамқұловтың идеясы емес екен. Бұл – «Көлік комитетінің ішкі құжаты болып табылады».

Сонда «Штирлиц» министр Б.Атамқұлов емес, комитет төрағасының міндетін атқарушы Д.Қоспабаев па?..

Тегтер: