«Атақсыз да таңымыз атып, тауығымыз шақырады» – «Халық әртісі» Әлішер Кәрімов туралы өзге әншілер не дейді?

Кеше Президент Жарлығымен бірқатар өнер қайраткерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Соның ішінде әнші Әлішер Кәрімовтың «Халық әртісі» атағын иеленуі желіде қызу талқылануда.
Мәселен, әлеумет «Қазақстанның қор болған «Халық әртісі» атағы», «Әбиірбек Тінәлиевке беру керек еді», «Ғажап шығармалар тудырған талантты сазгер Лұқпан Жолдасов әбден лайық», «Нұрлан Өнербаев ағамыз алуы тиіс еді...», «Әли Оқапов сияқты қайтарсын» деп жазды. Ал Әлішер Кәрімовтің өнердегі үзеңгілестері мен аға буын өкілдері не дейді? Тілшіміз анықтап көрді.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, әнші:
Шындыққа тура қарау керек

– Әлішер ол атаққа лайық па, лайық емес пе, ол жағын білмедім. Бірақ оны сыйлайтыным, қаршадайынан шетелдік түрлі байқауларға қатысып, қазақтың туын желбіретіп жүр. Әнұранымыз ойнағанда қолын кеудесіне басып, қазақ тілінде ән салып, өнерін жан-жақты танытып келеді.
Мәселен, жаны да, қаны да қазақ бола тұра өзге тілде ән шырқап, шүлдірлеп жүргендерді де көріп жүрміз. Оларға қарағанда, Әлішерің көші ілгері көрінеді. Шындыққа тура қарау керек. Мысалы, Димашты да басында кейбіреулер місе тұтпады, ал қазір ол жас болса да бас болып жүрген жоқ па?
Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, әнші:
«Халық әртісінің» қадірін кетіріп жібермесе екен

– Қайрат ағаға «Еңбек ері» деген атақты лайық берді. Сол сияқты «Халық әртісі» деген атаққа Айгүл Қосановаға да лайық. Ал Әлішерді біреулер қолдады ма? Кезінде «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» деген атақты әркімге бір үлестірді ғой, «Халық әртісінің» де солай, қадірін кетіріп жібере ме деп алаңдаймын.
Мен Әлішердің атағын қызғанып отырған жоқпын, ол да өз алдына қазақ өнерін насихаттап жүрген бала ғой. Мәселен, бізде мереке сайын атақ-даңқпен наградтау әдет болып кетті. Бұл атақ атаулының бағасы мен абыройын құрдымға кетірмесе екен деймін.
Нұржан ҚАЛЖАН, әнші:
Әлішерге әлі ерте емес пе?

– Атақ алған аға-әпкелерімді құттықтаймын әрі бізге де жұғысты болсын деген тілек бар. Бірақ «Халық әртісін» алу Әлішерге әлі ерте деп ойлаймын. Егер алдымен «Еңбек сіңірген қайраткерді» беріп, содан кейін барып үлкен атаққа қол жекізсе, орынды болар еді. Әр нәрсенің уақытымен, ретімен болғаны жөн ғой.
«Халық әртісіне» қазақ өнері мен руханиятына еңбек етіп келе жатқан, бірнеше жобаның жетекшісі, әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов ағамыз әбден лайық еді. Ол кісінің «Ұлытауы» «Адайды» асқақтатқанда Америка халқы тікесінен-тік тұрып қол соққан жоқ па? Жасы алпысқа жетсе де тынбай, өнер үшін тер төгіп жүр.
Сол сияқты сахна мен ұстаздықты ұштастырып келе жатқан Сембек Жұмағалиев ағамыз, қоңыр дауысты қазақтың Мейрамбегі қайда қалды?! Мүмкін емес нәрсе мүмкін болып кетті ғой. Қайрат Байбосынов ағамызға «Еңбек ері» баяғыда берілу керек еді. Сексенге келуін күтпестен, сол атаққа баяғыда қол жеткізіп, жарқырап жүру керек еді ғой.
Нұрлан АЛБАН, әнші:
Хабарым жоқ

– Бұл ақпардан хабарым жоқ екен. Дегенмен, атақ алған әріптестерімді құттықтаймын! Ал Әлішерді неге лайық деп тапқанын Мәдениет және ақпарат министрлігінен, Президенттің баспасөз хатшысынан, өзі қызмет жасайтын «Қазақконцерттен» сұрау керек шығар.
Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші:
Атақсыз да таңымыз атып, тауығымыз шақырады

– Күні кеше ғана «Қарақат» мектеп студиясының шәкірттері өнерін насихаттау мақсатында мыңға жуық домбырашы мен жетігеншіні сахнаға шығарып, үлкен концерт бердік. Бір ғана концертпен шектелмейік деген оймен жас буынға арнап жетіген аспабына қатысты оқу құралын да жарыққа шығарып, ұсындық. Жалпы саны үш жарым мың балаға арнап кеш өткізіп, енді ғана қос өкпемізді қолымызға алып отырған жайымыз бар.
Мемлекеттен бір тиын алмастан, осының бәрін өз күшімен ұйымдастырған Қыдырәлі екенін көзі қырағы жұрт жақсы біледі. Оның қазақ эстрадасына алып келген «АБК»-сы, қазақ күй өнерін ұлықтаған «Ұлытауы», еліміздің 17 қаласында тамыр жайған «Қарақат» мектеп студиялары, «Балбаласы» – елге етене таныс жобалар. Осы еңбегіне және мерейлі 60 жасқа толып отырғанына орай күні кеше өткен кеште министрлік тарапынан тілдей құттықтау қағазы да келмеді. «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа осыдан екі жыл бұрын ғана қол жеткізді. Дегенмен, көзі қырағы халық бәрін көріп, біліп отыр ғой. Әркімнің өнерде өзіндік бағыт-бағдары бар. Сондықтан мен не айта аламын?! Біз атаққа бола жұмыс істемейміз, халықтың құрметі мен қошеметінен артық не бар?!
Сенсеңіз, өткен кешке билетті тикетонға екі-ақ апта бұрын қойсақ та, демде сатылып кетті. Адамның атақ-абыройы осымен белгіленбей ме?! Қандай жағдай болса да өнер мен ұлтқа адал қызмет жасауды жалғастыра береміз. Атақсыз да таңымыз атып, тауығымыз шақырады.