Атақ пен абыройсыздықтың арасы – бір-ақ қадам
Адамдарды құтқарғаны үшін кеудесіне орден таққан астаналық полицей танымал дәрігерден миллион теңге бопсалағаны үшін қалай түрмеге түсті?
«Время» газеті оқиғаның ақ-қарасын ажыратуға тырысыпты.
Өмірдің өзі кино деп жатамыз. Астаналық тәртіп сақшысы Азамат Балтабаевтың басындағы жағдай осы ойды қуаттай түседі. 2017 жылдың көктемінде ол өрт кезінде әріптесімен бірге адамдарды құтқарып, нағыз ерлік жасады. Ол уақытта лейтенант шеніндегі жігіт жалынның ортасынан мүгедек егде әйелді арқалап алып шыққан еді. Сол жылдың жазында өзіне қол салмақ болған жігітті француз туристінің көмегімен өзеннен алып шықты. Одан кейін супермен-полицей 9-қабаттан құлап кете жаздаған баланы ажалдан арашалап қалады. Осындай әрекеттері үшін 2018 жылдың желтоқсанында ержүрек полицейді екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттайды. Одан әрі тәртіп сақшысы газеттер мен сайт беттерінен түспеді, телеарналарға сұхбат беріп, көптеген іс-шараларда құрметке, марапатқа ие болды...
Осыдан төрт ай өткен соң біздің батырымыз патруль күзетіндегі әріптесі Ринат Әбдірахмановпен бірге пара алған жерінен ұсталады. Олардың ақша бопсалаған адамы «Нейрохирургия ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов болып шықты!
Бұл абыройсыз оқиға наурыз айының аяғында болған. Капитан Әбдірахманов пен аға лейтенант Балтабаев астаналық «Сары-Арқа» ауданына түнгі күзетке шығады. Шамамен 23.30-да олар «Мерседес ML 300» маркалы қымбат джиптің бұрылу белгісін қоспағанын байқап қалады. Полицейлер көлікті тоқтатқан соң, оның жүргізушісінен ішімдік иісін сезеді. Көліктің тізгінінде нейрохирург Серік Ақшолақов отырған.
Елге танымал дәрігер кінәсін бірден мойындап, қонақта аздап сыра ішкенін айтқан. Есін толық білетін болғандықтан, көлікті өзі айдағанды жөн көргенін жеткізеді. Қолдарына қандай адамның түскенін білген полицейлер дәрігерге көлікті ішімдік ішіп айдауға тыйым салынғанын, хаттама толтырып, Ақшолақовты дәрігерлік сараптамаға жіберуге мәжбүр болатындарын, әрі қарай әкімшілік сот жүргізуші құқығынан айыратынын, ал бұл жағымсыз жағдай баспасөз бетінде жарияланатынын айтады…
Лейтенант Балтабаев мәселені ың-шыңсыз жауып тастауға болатынын емеурінімен жеткізген. Сөйтіп мобильді телефонының экранына алты нөлі бар соманы жазып көрсетеді. Хирургия ұлттық орталығының жетекшісі қалтасынан миллион теңге шықпайтынын, банк картасында 400 мың теңге барын айтқан. Ақшаны банкоматтан шешіп алу үшін патрульдің көлігіне отырады. Ақшаны алған соң дәрігер, оны өзіне айтқандай көліктің қобдишасына салады, осымен іс біткендей көрінген...
Бірақ полицейлер үшін шырғалаң енді басталады. Бір күн өткен соң олар дәрігер Ақшолақовтың өздерінің үстінен Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне арыз жазғанын естиді. Дәрігерге капитан мен аға лейтенанттың бауырымын, досымын деп таныстырған әлдекімдер тынымсыз телефон шалып, ақшаны қайтарып беретіндерін айтып, арызды қайтарып алуын өтінеді.
Кейінірек нейрохирургия Ұлттық орталығына екі ер адам келіп Балтабаев пен Әбдірахманов үшін кешірім сұрайды. Серік Ақшолақов дүйім жұртқа әшкерелейміз деп өзіне қоқан-лоқы жасаған полицейлердің өздері келіп кешірім сұрауын талап етеді. Амалдары таусылған капитан мен аға лейтенант аяғына жығылып, ақшасын қайтарып беру үшін дәрігерге өздері келеді. Бұл сәттің бәрін астаналық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері бейнежазбаға түсіріп жатқанын олар білмеген еді...
Тәртіп сақшылары ұсталған сәтте бірден хаттама толтырмау үшін расымен де Ақшолақовтан 400 мың теңге алғанын мойындайды. Кейінірек тамыз айында өткен сотта екеуі де пара алғаны мен оны қайтарғанын мойындаудан бас тартады. Олар дәрігерден тек оның визиткасын алғанын, үстінен шағым түскен соң оны қайтарып беруді жөн көргенін мәлімдейді. Алайда олардың мұнысы қисынсыз, ақылға қонымсыз шыққан.
Нәтижесінде, Есіл ауданының қылмыстық соты Ринат Әбдірахманов пен Азамат Балтабаевты алдын ала келісім бойынша ұйымдасқан түрде бопсалау арқылы пара алғаны үшін айыпты деп тапты. Енді бұрынғы тәртіп сақшылары жеті жылын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде, бұрынғы қоныс-колониясында өткізеді. Бұдан бөлек сот Балтабаевты «Айбын» орденінен айыру туралы үкім етті.
Полиция қызметкерлері үкіммен келіспей, Нұр-Сұлтан қаласының сотына арызданған. Алайда өткен аптада қалалық соттың аппеляциялық алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін сол күйінде қалдырды.
Ал егер полицейлер бәрін заңмен көрсетілгендей: хаттама толтырып, танымал хирургты дәрігерлік тексеруге жібергенде, онда тағы бір марапатқа ие болып, қоғам да оларға құрмет көрсетіп, қол соғар еді. Бірақ мақтаулы полицей мен оның әріптесі тайғанақ жолды таңдаған.
Михаил Козачков, Нұр-Султан