USD
USD
USD

Астаналық жігіт елді әскерде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып алдаған

23 жастағы астаналық тұрғынның үстінен алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктіні ұстау
Фото: Видеодан скрин/polisia.kz

Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жас жігіт 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде әскерде жүргенде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегенін айтып, мәлімдеме жасаған.

«Жазбада желі қолданушыларының назарын аударатындай егжей-тегжейлі мәліметтер келтірілген. Оқиғаның "қорқынышты" тұстарын баяндай отырып, ол өзіне қаржылай көмек сұраған, өміріне қауіп төніп тұрғанын алға тартып, шетелге кету қажеттігін жеткізген. Жарияланымда банк реквизиттері қоса көрсетілген. Жиналған қаражатты шетелге шығу үшін жұмсайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар ол осы жағдайдан кейін депрессияға түскенін және бұрынғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған», – делінген ІІМ хабарламасында.

Оның желідегі жазбасын мыңдаған адам оқып, пікір білдіріп, көрсетілген шотқа қаржы аударған.

Алайда желі қолданушыларының бірі күдіктеніп, шотты тексеру үшін полицияға жүгінген. Жедел қызметкерлерге тек реквизиттер ғана емес, оқиғаның өзі де күмәнді көрінген.

«Барлық күдік есепшот иесі – 17 жастағы жасөспірім екені анықталғаннан кейін расталды. Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын қайтару үшін реквизиттерін сұраған. Сондай-ақ өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауын өтінген. Бұл заңсыз әрекетке сенген жасөспірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым түскен», – дейді полиция өкілдері.

Полицейлер пост авторын ұстап, жарияланған ақпараттың жалған екенін анықтады. Сонымен қатар, оның әскери қызметке еш қатысы жоқ екені және әскерде ешқашан болмағаны мәлім болды.

23 жастағы күдіктінің айтуынша, ол жалған ақпаратты ақша жинау мақсатында жариялаған.

«Көрінеу жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды», – деп хабарлады ІІМ өкілдері.

Полиция азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады.

Қазір оқып жатыр

Алатау қаласы туралы Конституциялық заң қабылданды

Алатау қаласы

Шымкент мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмысы басталды: бензин қоры жеткілікті ме?

Шымкент МӨЗ

Жол апатына себеп болған Zeekr жүргізушісі мас болған – ІІМ

.

Бектенов Түркістан облысында бұлақ көзін тазартып, ағаш отырғызды

Олжас Бектенов