USD
USD
USD

Жарты жылға созылған жөндеу: қытайлық көліктер сервисі неге ақсап тұр?

Тілшіміз қытайлық көліктердің қосалқы бөлшектерін неге айлап күтуге тура келетінін және кепілдік жөндеу созылған жағдайда тұтынушының қандай құқығы барын анықтап көрді.

авто
Фото: Depositphotos

Астана, NEGE. Астана тұрғыны Гүлмира Аймағамбет Facebook парақшасында 2024 жылы салоннан қытайлық автокөлік сатып алғанын жазған. Оның айтуынша, былтыр желтоқсанда жолда келе жатқан кезде көліктен ақау шыққан.

«Көшеде келе жатсам, өзінен-өзі не алға, не артқа дұрыс жүрмей қойды. Жүреді, бірақ қатты қиналып. Содан сервис орталығына апарып тапсырдым. Жарты жылдан асты, әлі жөндеп бермеді. Көліктің ақшасын толық төледім. "Коробка келмей жатыр" – айтатындары», – деп жазды ол.

NEGE осы жағдайдан кейін Қазақстан көліктер Одағына қытайлық автокөліктерге қызмет көрсету мәселесіне қатысты сауал жолдады. Ал материал дайындалып жатқан кезде тұрғынға көлігін жөндеп қойғанын және оны алып кетуге болатынын хабарлаған. 

Қытайлық көліктердің үлесі 2%-дан 39%-ға жетті

Қазақстан көліктер Одағының мәліметінше, соңғы бірнеше жылда елдегі қытайлық автокөліктердің үлесі күрт артқан. 2019 жылы ресми дилерлер сатқан жаңа көліктер арасында қытайлық брендтердің үлесі 2% ғана болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 39%-ға жеткен. Көлік саны көбейген сайын оған қызмет көрсететін инфрақұрылым да қатар дамуы қажет.

«Автокөліктер саны артқан сайын сервистік орталықтардың қуатын кеңейту, білікті мамандардың санын көбейту және қосалқы бөлшектер қорын ұлғайту қажет», – деп жауап берді Қазақстан көліктер Одағы.

Бұған тағы бір фактор әсер етеді. Ресми дилерлер қосалқы бөлшектер қорын елге ресми түрде әкелінген және сатылған автомобильдердің санына қарай жоспарлайды. Бірақ сол бөлшектерге бейресми жолмен әкелінген көліктердің иелері де жүгінеді.

«Ресми дилерлік желілерге қосалқы бөлшектерді жеткізу көлемі бастапқыда ресми түрде әкелінген автокөліктер санына қарай есептелген. Алайда бейресми немесе "сұр" схемалар арқылы әкелінген автокөліктердің иелері де Қазақстандағы қосалқы бөлшектерді пайдаланады», – дейді Одақ өкілдері.

Олардың айтуынша, осы жағдайды ескере отырып, ресми дилерлер қосалқы бөлшектердің ассортиментін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.

Қосалқы бөлшек жоқ болса, көлікті қанша уақыт күту керек?

Көлік иелері үшін басты мәселенің бірі – кепілдік жөндеудің қанша уақытқа созылуы мүмкін екені. Қазақстан көліктер Одағының түсіндіруінше, барлық автомобильге ортақ кепілдік жөндеу мерзімі жоқ. Нақты мерзім сатып алу-сату шартында көрсетілуге тиіс. Ал қажетті бөлшектің Қазақстанда болмауы дилерді клиент алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.

«Кепілдік жөндеудің нақты мерзімі әрбір модель бойынша жасалатын сатып алу-сату шартында көрсетілуге тиіс. Қазақстанда қажетті бөлшектің болмауы дилерді жауапкершіліктен босатпайды», – дейді Одақ.

Егер жөндеу шартта көрсетілген уақытта аяқталмаса немесе көліктен елеулі ақау анықталса, тұтынушының басқа талап қоюға құқығы бар.

«Егер жөндеу белгіленген мерзімде орындалмаса немесе анықталған ақау елеулі болса, тұтынушы автокөлікті ауыстыруды, төленген ақшаны қайтаруды немесе шартты бұзуды талап етуге құқылы», – деп түсіндірді Қазақстан көліктер Одағы.

Сондықтан көлік бірнеше ай бойы сервисте тұрса, тұтынушы ең алдымен сатып алу-сату шарты мен кепілдік талаптарын қарап, онда көрсетілген жөндеу мерзімін тексеруі қажет.

Жөндеу созылса, уақытша көлік беріле ме?

Тағы бір маңызды мәселе – көлік жөндеуде тұрған уақытта клиенттің қозғалыссыз қалуы. Қазақстан көліктер Одағының мәліметінше, ресми дилерлерде мұндай жағдайда алмастырушы көлік беру тетігі болуы мүмкін.

«Әдетте ресми дилерлерде жөндеу кезеңінде сатып алушыға уақытша пайдалануға алмастырушы автокөлік беру тетіктері қарастырылған», – дейді Одақ.

Алайда бұл барлық жағдайда автоматты түрде көлік беріледі деген сөз емес. Нақты талаптар мен шарттарды дилерден немесе сатып алу кезінде жасалған келісімнен анықтау қажет. Ал өтемақы, көлікті ауыстыру немесе оның ақшасын қайтару мәселесі жөндеу мерзімінің бұзылуына, ақаудың сипатына және келісім талаптарына байланысты шешіледі.

Дилерлер қанша қосалқы бөлшек ұстауға міндетті?

Көлік сататын компаниялар Қазақстанда сатылған әр модельге жеткілікті көлемде қосалқы бөлшек сақтауға міндетті ме деген сауалды да қойдық. 

«Заңнамада әрбір автокөлік моделіне қажетті қосалқы бөлшектердің нақты санын белгілейтін бірыңғай норматив қарастырылмаған. Қосалқы бөлшектер қорының көлемі, әдетте, өндіруші мен дистрибьютордың ішкі талаптарына, дилерлік стандарттарға және сатылған автокөліктер санына байланысты белгіленеді», – деді Көліктер Одағы.

Сатылым сервис мүмкіндігін басып озды ма?

Көліктер Одағының мәліметінше, қытайлық автокөліктердің сапасына, қосалқы бөлшектердің кешігуіне немесе кепілдік жөндеудің созылуына қатысты шағымдардың қаншалықты көбейгенін көрсететін бірыңғай ашық статистика жоқ. Сондықтан барлық қытайлық автокөліктерге қатысты проблема бар деп айту дұрыс емес.

Дегенмен Қазақстан көліктер Одағы қосалқы бөлшектерді ұзақ күту, кепілдік жөндеудің созылуы және көліктің бірнеше рет істен шығуына қатысты өтініштердің кездесетінін растады.Одақтың жауабындағы ең маңызды тұжырымның бірі – кейбір брендтердің сатылым қарқынына сервистік инфрақұрылым ілесе алмай қалған.

«Жалпы алғанда, кейбір брендтер бойынша сату қарқыны сервистік инфрақұрылымның дамуынан озып кетті», – делінген жауапта.

Қазір нарықта бұрыннан жұмыс істейтін ірі компаниялар сервистік желілерін кеңейтіп, қосалқы бөлшектер қоймаларын ұлғайтып жатыр. Ал жаңа брендтер мен бейресми жолмен әкелінген көліктерге қызмет көрсету қиынырақ болуы мүмкін. Көлік сатып алатын адам үшін брендтің Қазақстанда ресми өкілдігі бар-жоғы, сервистік орталықтарының саны, қосалқы бөлшектер қоры және дистрибьютордың кепілдік міндеттемелерін қалай орындайтыны да маңызды.

Материалға арқау болған тұрғынның көлігі ақырында жөнделді. Бірақ оның бірнеше айға созылған оқиғасы нарықтағы басқа сұрақты көрсетті: қытайлық автокөліктердің сатылымы тез өскен тұста оларға қызмет көрсететін жүйе де сол қарқынмен дамып үлгерді ме? Қазақстан көліктер Одағының жауабына қарағанда, кем дегенде кейбір брендтер бойынша бұл тепе-теңдік әзірге сақталып отырған жоқ.

Қазір оқып жатыр

«Қаржыландыру қысқарса, әлемде ВИЧ індеті қайта өршуі мүмкін» – БҰҰ

ВИЧ

​Серікқали Брекешевке жаңа қызмет бұйырды

Серікқали Брекешев

Екібастұзда қоқыс жәшігінен әйелдің мәйіті табылды

.

Астанада кішкентай баланың туберкулезді қайдан жұқтырғаны анықталып жатыр

Аурухана