Астанадағы тұрғын алаптарды дамытуға қанша қаражат бөлінді?

Ағымдағы жылы елорданың тұрғын алаптары кеңінен дамымақ. Осы мақсатта 8,8 млрд теңге бөлініп отыр. Атап айтар болсақ, республикалық бюджеттен – 7,3, ал жергілікті бюджеттен – 1,5 млрд теңге аудару қарастырылған. Бұл ақпарды Астана қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мерей Байырхан қалалық мәслихатта баяндама жасау барысында жеткізді.
Астана, NEGE. Бөлінген қаражатқа қаланың 6 тұрғын алабында 7 жобаны іске асыру жоспарланып отырса керек. Мысалы, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабында инженерлік желілер мен жолдарды салу бойынша бірінші және екінші кезектегі қос жоба іске асырылмақ. Оған сай, ұзын саны 20 көше салу жоспарланған.
«Жобаның алғашқы кезегінде 6 көше салынады. Алғашқы кезектегі атқарылатын жұмыстардың құны 6,9 млрд теңгені құрайды», – деді Мерей Байырхан.
Аталған жұмыстардың жүйелі түрде атқарылатынын жеткізген ол келесі кезектегі инженерлік желілер мен жолдарды салу жұмысына шамамен 13,6 млрд теңге жұмсалатынын айтты. Сөзіне сүйенсек, бірінші кезектегі жұмыстарды орындау толығымен аяқталған. Атап айтар болсақ, Есіл, Бұқтырма, Еділ, Жайық көшелерінің бойындағы инженерік желілер мен жолдар салу жұмыстары атқарылған. Енді осы аталған көшелерді қаланың коммуналдық меншігіне өткізу жоспарланып отырған көрінеді.
Ал келесі кезекте атқарылатын жұмыстар Ертіс, Дегерес, Ақарыс көшелерін қамтиды. Бұл көшелерге де қатысты кешенді жұмыстарды биылғы жылдан қалдырмай аяқтап, қаланың балансына беру көзделген.
Мерей Байырханның айтуынша, бүгінгі таңда 3 және 4 кезектегі жұмыстарды бастау мақсатында арнайы жобалау-сметалық құжаттары республикалық бюджет комиссиясының қарауына жіберілген. Бұдан соң жоспарға енген жұмыстар легі 2024 жылы қолға алынбақ.