Астанадағы танымал мейрамхана дауына қатысты полиция мәлімдеме жасады
Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін аталған жағдай бойынша Есіл аудандық полиция бөліміне жәбірленушілерден немесе өзге азаматтардан ресми арыз түспеген.
Астана, NEGE. Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасы Threads желісінде мейрамханаға қатысты шағым жариялаған қолданушының жазбасына жауап берді.
«Аталған факт бойынша зардап шеккен азаматтардан немесе өзге тұлғалардан Есіл аудандық полиция бөліміне арыз түскен жоқ. Сонымен бірге қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған бастапқы тексеру жүргізілуде. Тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде өзін мейрамхананың бұрынғы қызметкері ретінде таныстырған қолданушы Астанадағы мейрамхана жұмысын бір күнде тоқтатып, қызметкерлеріне жалақы төлемей кеткенін жазған болатын.
Жазба авторының мәліметінше, шамамен 30 қызметкер бірнеше айлық еңбекақысын ала алмай қалған, ал жалақы бойынша берешек көлемі 19 млн теңгеге жеткен. Сондай-ақ ол мейрамхана банкрот болғанын мәлімдегенімен, дәл осы брендпен Алматыдағы мейрамхананың жұмысын жалғастырып жатқанын алға тартқан.
Ал бұған дейін мейрамхана директоры Ермек Смаилов бизнес шығынға батып, қызметін жалғастыру мүмкін болмай қалғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, мекеме өнім жеткізушілер алдындағы міндеттемелерді және қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлей алмайтын жағдайға жеткен.