Астанада мәслихат депутаттары әлеуметтік нысандарды аралады

Астана қаласы мәслихатының депутаттары тұрғындарға қызмет көрсететін әлеуметтік орталықтарға барды, деп хабарлады Elorda.info.
Астана, NEGE. Олардың қатарында Кендебай Адамбеков, Мәдина Ажикенова, Жанаргүл Күлмағамбетова, Бауыржан Қасымбергебаев, Арсланбек Мағзұм, Бауыржан Смаилов бар. Депутаттар «Астана қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру нәтижелері» бойынша нысандарда атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді.
Алдымен мәслихат депутаттары қаладағы Бигелдинов пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан ақылы тұрақтарға барды. Қазіргі уақытта қала бойынша 7 мыңға жуық ақылы тұрақ жұмыс істейді. Мұнда әр көлік күніне шамамен 40 минуттай тұрады. Бұл туралы Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев айтты.
Кейін депутаттар қала сыртында орналасқан қауіпті қалдықтарды, оның ішінде құрамында сынап бар және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша қызметтер көрсететін өндіріс орталығында болды.
«Kazecotech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Владимир Андреев атқарылған жұмыстар жайында әңгімеледі.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру кезінде 2 083 858 шам жиналды. Атмосфералық ауаның 12 503 148 м3 ластануына жол берілмеді. Сондай-ақ соңғы 3 жылда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ретінде жеке серіктес өтеусіз негізде тұрғын үйлердің жанына бес сынап құюды жойып, 4 кг-нан астам сынап жинады. 13 млн текше метрден астам ауаның ластануына жол берілмеді, - деді Владимир Андреев.
Оған қоса, депутаттар қаладағы Гуманитарлық колледжге барып, атқарылып жатқан істерді көріп қайтты.
Сондай-ақ халық қалаулары қаладағы паралимпиадалық жаттығу орталығына барды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар жүйелі түрде спортпен шұғылданады.
Бүгінгі таңда мұнда спорттың әр түрінен жаттығулар өткізіледі.
Біз әріптестерімізбен бірнеше нысанға барып қайттық. Мұндағы басты мақсат – мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатқанын көру. Мәселен, біз ең соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтарда болдық. Мұнда келушілер үшін барлық жағдай жасалған, - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Ажикенова.