28 Наурыз 20:22

Астанада биыл 24 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ

Фото:
Былтыр Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы қаралып, қабылданған болатын. Ал ел тұрғындарының табысы турасындағы тақырып жұмыссыздықты жою мен қызметке тұру мәселесімен тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті

.

Астана, NEGE. Жұмысқа орналасу мәселесі қашанда өзекті. Осы орайда Астана қаласындағы азаматтарды жұмыспен қамту жайы туралы сөз етпекпіз.

Осыдан бір ай бұрын Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары  Ерлан Жүсіпов пен «Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Сәбит Жаманбаев «2022 жыл қорытындысы бойынша жұмыспен қамту туралы. 2023 жылға арналған жоспарлар» тақырыбында брифинг өткізген еді.

Басқарма өкілдерінің сөзінше, биыл жиырма төрт мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр екен. Оның ішінде он алты мыңнан астамы жастар.

Жаңа жұмыс орындарын құру жоспары елу бес мыңнан асады, ал оның Ұлттық жобалар аясындағысы – он жарым мың жұмыс орыны.

ғаламтордан

Жұмыс іздеушілерге арналған қандай жаңашылдықтар бар?

 Басқарма өкілдері «Электрондық еңбек биржасы» интернет - порталында 1 674 жұмыс берушіден 4 306 бос орны орналастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ брифингте 2023 жылғы жаңашылдықтар туралы да сөз болды.

Солардың ең маңыздыларына тоқтала кетуді жөн санадық.

Жастар үшін жылдық екі жарым пайызбен бес миллион теңгеге дейін шағын несиелеу көзделген:

1) микрокредит мерзімі – бес жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – жеті жылға дейін;

2) микрокредиттің ең жоғары сомасы – бес миллион теңгеге дейін;

3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;

4) кепілмен қамтамасыз етудің болуы;

5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 аспайды;

6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы. Кәсіптік біліктілікті тануға бір реттік ваучерлер ұсыну (кәсіптер бойынша кәсіптік біліктілікті тану құны: әлеуметтік-гуманитарлық бейін 3 айлық есептік көрсеткіш (10 350 теңге) - 43 адам және техникалық бейін 7 айлық есептік көрсеткіш (24 150 теңге) – 18 адам).

Қанша адам кәсіптік оқуға барады?

Жыл басында жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы да өткен еді. Ондағы күн тәртібінде 2021 – 2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жұмыс берушілердің сұратуы бойынша 2023 жылы оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқыту ұйымдастырылатын жұмыс берушілердің тізбесін (біліктілік дағдыларын), жіберілетін жұмыссыздардың санын, оқыту ұзақтығын көрсете отырып бекіту туралы мәселені қарап, шешім қабылданды.

Осы жылдың ішінде 207 жұмыссыз азамат, оның ішінде оқу ұйымдарында жұмыс берушілердің сұрауы бойынша 143 адам және жұмыс берушінің жұмыс орнында, ал 64 адам кәсіптік оқытуға жолданатын болды.

Астана қаласындағы Жұмыспен қамту басқармасында жасалып жатқан жаңалықтар аз емес. Тек ол орындарға арнайы барып немесе қашықтықтан тіркеліп, жұмыс іздеу процестеріне кірісу ғана қажет боп тұр. Жаңаша табыс көзін табамын деген жандарға кәсіптік білім беретін бағдарламалардың бар екені де көңіл қуантады.

Тегтер: