30 Наурыз 10:19

Астанада биыл 23 мыңға жуық тұрғын үй салынбақ

Фото:

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасындағы маңызды бағыттардың бірі – ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі.  Жоба жоспарында «Инфрақұрылымды кешенді дамытудың» бірінші міндеті бойынша «Жайлы тұрғын үй», «Smart City» мен «Тұрғын үйге қолжетімділік» деген тұжырымдамалар бар.

Аталған бағдарламалар елордада қалай жүзеге асып жатыр? Былтыр қанша отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді? Қандай баспананың құрылысы жүріп жатыр? Осы сауалдарға жауап іздеген NEGE тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сұрау сала отырып, Астана қаласы бойынша тұрғын үй құрылысын іске асыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайын белген еді.  

Былтыр мен биыл салынатын үй саны қанша?

2022 жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен Астана қаласы бойынша барлығы 2,4 миллион шаршы метр, дәлірек айтқанда 26,4 мың тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Былтырғы көрсеткішке көз жеткіздік. Ендеше биылғы статистика қалай сөйлемек екен?

Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті берген мәлімет бойынша осы жылы 2,7 миллион шаршы метр, яғни 22,5 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр екен.

2023 жылдың соңғы екі айының қорытындысы бойынша 424,8 мың шаршы метрді құрайтын 5,1 мың тұрғын үй салыныпты.

фото: bugin.kz

Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр?

2022 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласының әкімдігі жұмыс істейтін жастар үшін 7,6 миллиард теңгеге сатып алу құқығынсыз 1 050 жалға берілетін пәтер сатып алған. Енді осы жылы кезекте тұрғандар үшін 1 600 жалға берілетін пәтер сатып алуға 15,4 миллиард теңге қарастырылыпты.

Тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу мәселесі де әрқашан маңызды.

2022 жылдың қорытындысына үңілсек, тұрғын үй құрылысы аудандарында 935 миллион теңгеге 6 км инженерлік желі салыныпты.

Ал осы жылы инженерлік инфрақұрылымның 7 жобасын іске асыруға 3,5 миллиард теңге қарастырылған.

Несиеге берілетін баспана 

2022 жылдың қорытындысы бойынша 7,2 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үй, яғни 192 пәтер пайдалануға беріліпті.

Ал биылғы жергілікті атқарушы органның 1 060 кредиттік пәтерін салуға, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруға 18,4 миллиард теңге мөлшерінде лимит көзделген көрінеді.

Салымшыларға тұрғын үй заемдарын беру үшін Отбасы банкіне 2% және 5%-тен бюджеттік кредит беру де қарастырылған. Қазіргі уақытта «Отбасы банк» акционерлік қоғамы ақпараты бойынша Астана қаласына 14,4 миллиард теңге сомасында 1 164 жеңілдетілген қарыз, оның ішінде:

- 2% - дан (2021-2022 жылдары бөлінген қаражат шеңберінде) - 11 миллиард теңге сомасында 787 қарыз,

- 5% - дан (2020-2021жылдары бөлінген қаражат шеңберінде) - 3,4 миллиард теңге сомасына 377 қарыз беріліпті.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасындағы бастапқы критерий бойынша, оның ішінде тұрғын үй құрылысына қатысты жасалып жатқан жұмыстар легіне тоқталып өттік. Министрлік мәліметінде биыл Астанада 23 мыңға жуық баспана салынатыны туралы айтылды. Ол үйлердің сапасы сын көтерерлік боп шығып, тұрғын үй кезегін күтіп жүрген ел азаматтарының қатары азайса деген үміт бар.

Тегтер: