Астанада биыл 150-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек инстаграм парақшасында жаңадан ашылатын қоғамдық орындар туралы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Алматы, NEGE. «Елордамызды көркейту жұмысын ары қарай жалғастырамыз. Қаланың барлық ауданында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Биыл 150-ден астам аула мен қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырамыз. Олардың бәрі қала тұрғындарының бос уақытын жайлы әрі денсаулығына пайдалы күйде өткізе алатын тартымды орындардың біріне айналады.
Бірқатар аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің құрылысымен таныстым. Мәселен «Амман» және «Абылай хан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері ашылады. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерімен жалғасады. Автотұрақ кеңістігі («Алатау» СК-ға қарама-қарсы) жаяу жүргіншілер аймағына айналды, осылайша жаяу жүргіншілер үшін ыңғайлы болар бірыңғай тұжырымдама жасалды. Ал жағалау бойына спорт және ойын алаңдарын орнатамыз.
Сонымен қатар Сәтбаев көшесінде Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейінгі аралығы жаңартылады. Онда демалуға арналған орындар, көлеңкелі шатырлар, ойын алаңдары, веложолдар және т.б. орнатылады.
Сондай-ақ орталық жағалаудың тарихи көшелері де (Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр көшелері) жаңартылады. Бұл жаңадан абаттандырылған орындарды осыған дейін ашылған орындармен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша серуендеуге арналған үлкен кеңістік құрылады.
Абаттандырумен қатар көгалдандыру мәселесіне де ерекше назар аударамыз. Биыл бір миллион жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Қазір оқып жатыр
Әл-Фарабидегі жол апаты: Zeekr жүргізушісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды
ҰБТ басталған алты аптаның ішінде 624 талапкердің нәтижесі жойылған
CTS Астанадағы LRT-ның келесі кезеңіне Қытай биржасынан инвестиция тартыла ма?
Мәжіліс төрағасы Брест қамалы музейіне Хиуаз Доспанованың мүсінін сыйға тартты