Астанада Астор Пьяццолланың 100 жылдығына арналған кеш өтті

Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрда аргентиналық композитор Астор Пьяццолланың 100 жылдығына арналған «El Gran Pizzolla» атты концерт өтті.
Кешті джаз әншісі және Stages театрының музыкалық жетекшісі Ирэна Аравина жүргізді. Ал кеште халықаралық конкурста «Астор Пьяццолла» аталымымен марапатталған ансабль мүшелері композитордың ең үздік шығармаларын орындады.
Олар – Арман Жайым, Еркебұлан Сапарбаев, Бекежан Рақышев, Мұса Керімбаев, Қанат Сәкібаев пен Дархан Сәдуақасов. Сондай-ақ негізгі солист ретінде әлемдік байқаулардың жеңімпазы баянист-аккордеонист Ғалымжан Нарымбетов те өнер көрсетті. Ол ансамбльді ұлы композитордың сүйікті аспабы банденеон, аккординамен сүйемелдеп, «Tango Contemporáneo», «Oblivion», «El Nuevo Tango», «María de Buenos Aires», «La Historia del Tango» сияқты көптеген композицияны шебер орындап шықты. Сондай-ақ, жиналған көрермен Пьяццолланың 1974 жылы шығарған туындысы «Libertango»-ны Ғалымжан Нарымбетовтың жеке баянмен орындауында тамашалады.
Кеш барысында театрдың музыкалық жетекшісі Ирэна Аравина аргентиналық композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты мәліметтермен бөлісіп, классикалық туындылардың шығу тарихы туралы сөз қозғады.
–Өне бойға қан жүргізіп, жүректі шымырлататын шығармалары арқылы аты тарихта қалған ұлы композитордың туындыларын мына алдарыңызда отырған қазақстандық музыканттардың орындауында тамашалап отырсыздар. Астор Пьяццолланы қатты құрметтейтін Ғалымжан Нарымбетов композитор өзі де ғұмырының соңына дейін ойнаған аккордина мен бандонеонның көне нұсқасын өзі арнайылап тұрып алды. Осы аспаптардан шыққан үн арқылы нағыз аргентиналықтардың эмоциясын көріп, Буэнос-Айрестің көшелерінде саяхаттап жүргендей боласыздар, – деді ол.
Бір жарым сағаттан аса симфониялық ансамбль сыйлаған атмосфера мен джаз әншісінің қоңыр дауысы Астана жұртшылығына әдемі әсер сыйлады.
Айта кетсек, Stages театрының репертуары қазақ фольлорының үздік туындыларының бірі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпос жырына негізделген «Qozy men Baian» премьерасымен толықпақ. Басты рөлдерді театр және кино әртістері Айсұлу Әзімбаева, Шыңғыс Капин мен Қуантай Әбдімади сомдайды. Махаббат пен әлем жайлы пәлсапалық аңыз жаңаша форматта көрермен қауымға ұсынылады.