22 Қараша 14:55
...

Астанада 28 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ

Фото:

Елордада «Жастар» сарайында жұмыссыз азаматтарға, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға арналған жалпықалалық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар да қатысты.

Жалпы, жәрмеңкеге 55 жұмыс беруші қатысып,1400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынған. Ал негізінен елордалық ұйымдар арасында құрылысшыларға, инженерлерге сұраныс жоғары. Мұғалімдерге деген сұраныс та еш төмендеген емес.

Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Бақыт Рақышева жұмыс берушілердің бос орындар ұсынатын жәрмеңкесі жыл сайын болып тұратынын айтты. Оның сөзінше, биылғы жылдың соңына дейін тағы бір жәрмеңке өткізу жоспарда бар.

–Мұндай жәрмеңке биыл тоғызыншы рет өтті. Қазіргі уақытта құрылыс, денсаулық сақтау, өндіріс, тамақ өндірісі саласындағы кадрларға қажеттілік бар. Сондықтан біз бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілерді шақырдық. Жыл соңына дейін жастар үшін тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Өтініш берушілердің пікірінше, мұндай іс-шаралардың басты ерекшелігі – бір күнде бірнеше жұмыс берушімен бір нысанның ішінде сұхбаттасу мүмкіндігі. Демек, бұл жұмыс іздеушілердің өз қалаулары бойынша таңдау жасауына қолайлы жағдай жасайды.

–Егер жақсы жұмыс іздесеңіз, іздеу әдісінің барлық түрін қолдануыңыз керек. Өйткені кейбір компаниялар бос жұмыс орнын интернетке жарияламайды. Сонымен қатар қойылатын талаптарды оқығанда, түсінбеген жерлері болуы мүмкін. Ал мұндай жәрмеңкелерде барлық мәліметті бірден нақтылауға болады, – дейді қала тұрғыны Гүлжан Әбдіразақова.

Негізге алатын жайт: жұмыс берушілерді Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы өткізетін бағдарламалар қызықтырады. Олар: NEET санатындағы азаматтарды, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған жобалар. Осы жобалар аясында мемлекет жоғарыда аталған санаттағы қызметкерлер үшін жалақының 35 пайызынан 50 пайызына дейін төлейді.

Аталған жәрмеңке – тек жұмыс іздеушілер үшін ғана емес, жұмыс берушілер үшін де таптырмас мүмкіндік. Мысалы, «Үміт» компаниясының кадрлар бөлімінің басшысы Наталья Кагирманованың айтуынша, осы жәрмеңкеге жыл сайын қатысу арқылы компанияға қажетті мамандарды тауып алуға болады.

–Қаладағы бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкелерге үнемі қатысамыз. Біздің компания құрылыспен айналысады, тиісінше мамандарға үнемі мұқтажбыз. Сондықтан біз жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерді қабылдауға және оларды өз бетінше оқытуға дайынбыз. Мемлекет бізге қызметкердің тағылымдамасы кезінде жалақының бір бөлігін төлеу арқылы көмектеседі, – деді ол.

Айта кетсек, бұл жәрмеңкеде жұмыс берушілер ұсынатын орташа жалақы 150-ден 400 мың теңгеге дейін болады.

Әкімдіктің ресми сайтының мәліметі бойынша, жыл соңына дейін Астанада 28 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты – азаматтарды жұмысқа орналастыру. Ал бұл жалпықалалық жәрмеңкеге 400-ден астам жұмыс іздеуші қатысты.

Тегтер: