Астанада жолаушыға әдепсіз ұсыныс жасаған таксист 10 тәулікке қамалды
Елордада такси жүргізушісі жолаушысына интимдік сипаттағы ұсыныстар жасап, мазасын алғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
Астана, NEGE. Астана қалалық сотының мәліметінше, оқиға 11 қазанда таңғы сағат 07:00 шамасында болған. inDrive жүргізушісі жолаушыға әдепсіз ұсыныстар айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша «Ұсақ бұзақылық» дерегімен іс қозғалды.
Сотта жүргізуші кінәсін мойындады. Оның бұрын мұндай құқықбұзушылық жасамағаны жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.
Алайда сот жүргізушінің жолаушыға қайта-қайта орынсыз ұсыныс айтып, мазасын алғанын ескеріп, оны 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.