Астанада үстел теннисінен Азия чемпионаты өтеді
Қазан айының басында Астана үстел теннисінен Азия біріншілігін қабылдайды. Біздің еліміз аталған спорт түрінен құрлық додасын тұңғыш рет өткізгелі отыр. Үстел теннисінде әлем үздіктері азиялық спортшылардан құралғаны жасырын емес. Сондықтан, жанкүйерлер өте тартысты кездесулердің куәсі болмақ, деп жазады Olympic.kz.
Алматы, NEGE. Азия чемпионаты спортшылар деңгейі мен бәсекелестік жағынан әлем біріншілігінен кем түспейді. Оның үстіне, әлемдік спортта сары құрлық өкілдері үстемдік танытатыны анық.
Мәселе, 2023 жылғы әлем чемпионатында жүлдегерлер үштігі тек қана азиялықтардан құралды: Қытай бірінші, Оңтүстік Корея екінші, Жапония үшінші орын иеленді (ӘЧ тарихында Қытай жалпы есепте алда келеді). Сондықтан, Азия біріншілігін әлем алыптарының айқасы деп сеніммен атауға болады.
Қытай құрамасынан көшбасшылықты тартып алу қиын. 1952 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Азия біріншілігінде (алдымен TTFA, кейін АТТU ұйымдастырды) қытайлықтар жалпы есебі 135 алтын, 84 күміс және 108 қола медаль еншілеген. Екінші орында келе жатқан Жапония қоржынында 18 алтын, 24 күміс және 71 қола медаль бар. Қазақстан спортшылары Азия біріншілігінде бірде-бір рет тұғырға көтерілген жоқ.
Құрлық додасында екі мәселе тұр:
– Қытайды басқа ел өкілдері жеңе ала ма?!
– Қазақстан өз тарихында Азия біріншілігінен қандай да бір жүлде ала ма?!
Біздің команданың басты мақсатына жетуге жергілікті жанкүйер қолдауы мен жарыстың өз жерімізде өтуі көмектесуі мүмкін. Астанаға келетін спортшыларға қарап, қандай да бір болжам жасау қиын. Бірақ, бұл – спорт. Мұнда әркімнің де жүлде алатын мүмкіндігі бар.
Алдағы Азия чемпионатында 26 елден барлығы 210 спортшы өнер көрсетеді. Атап айтар болсақ, Бахрейн, Гонконг, Үндістан, Иордания, Иран, Йемен, Катар, Қытай, Қытайлық Тайпей, КХДР, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив, Моңғолия, Непал, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сингапур, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея
Қазақстан астанасында жүлдеге таласатын әлемдік жұлдыздар санында шек жоқ. Ерлер арасында комадалық сында Токио және Париж Олимпиадаларында чемпион атанған Ван Чуцин (Қытай), командалық сында екі дүркін әлем чемпионы Лянь Цзинкунь (Қытай), командалық сында үш дүркін әлем чемпионы Линь Гаоюань (Қытай), командалық сында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Томоказу Харимото (Жапония) Астанада бақ сынайды. Сондай-ақ, жұптық сында әлемнің күміс жүлдегері Чан У Джин (Оңтүстік Корея) үздіктерге бәселекес болмақ.
Әйелдер арасында командалық сында Токио және Париж Олимпиадасының чемпионы Сунь Инша, екі дүркін Олимпиада чемпионы Ван Манюй (екеуі де - Қытай), Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Хина Хайата (Жапония), Олимпиаданың күміс жүлдегері Мива Харимото (Жапония), командалық және аралас жұптық сында Олимпиаданың қола жүлдгері Шин Юбин (Оңтүстік Корея) жүлдеге таласады.
Қазақстан намысын төмендегі спортшылар қорғайды:
- Кирилл Герасименко;
- Алан Құрманғалиев;
- Искандер Харки;
- Айдос Кенжеғұлов
- Санжар Жұбанов;
- Сарвиноз Миркадирова;
- Зауреш Ақашева;
- Анастасия Лаврова;
- Анель Бахыт;
- Ангелина Романовская.
Біздің команданың басты үздігі – Париж Олимпиадасында 1/8 айналымға дейін жетіп, тоғызыншы орын иеленген Кирилл Герасименко. Ол Париж ойындарында Еуропа чемпионы Дан Цюден 1:3 есебімен ұтылып жатып, кейін 4:3 есебімен жеңген болатын.
Жақын арада Алан Құрманғалиевтің жетістіктерін де естуіміз мүмкін. Ол жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері.
Анастасия Лаврова Токио Олимпиадасында бақ сынаған. Оның жетістіктерін де ұмытуға болмайды.
Азия чемпионаты 6-13 қазан күндері BEELINE ARENA Ұлттық теннис орталығында өтеді. Кіру тегін.