USD
USD
USD

Астанада тәркіленген зәулім коттедж бос тұр: оны кімге береді?

Елордада сот шешімімен тәркіленген зәулім коттедж 657,1 млн теңгеге электронды саудаға шығарылды. NEGE редакциясы үйдің тарихын зерттеп, ішінде бассейн мен бу бөлмесі бар екенін, ал ғимараттың бірнеше жылдан бері бос тұрғанын анықтады.

sauda.e-qazyna.kz
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Астана, NEGE. Коттедж Астанадағы Рахманқұл Бердібай көшесінің бойында орналасқан. Екі қабатты, жертөлесі бар үйдің жалпы аумағы – 684,8 шаршы метр, жер телімі – 15 сотық. Құжаттарға сүйенсек, үй 2023 жылы салынған. Онда тоғыз тұрғын бөлме бар. Бағалау есебінде ғимараттың жағдайы «жақсы» деп көрсетілген.

Техникалық жобаға қарағанда, үйдің ішінде жеке демалыс аймағы бар. Онда 35,2 шаршы метрлік бассейн, бу бөлмесі, душ және санитарлық торап қарастырылған.

sauda.e-qazyna.kz
sauda.e-qazyna.kz

Үйдің тарихы да назар аудартады. Жылжымайтын мүлік Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен тәркіленіп, Астананың коммуналдық меншігіне өткен. 2024 жылдың қыркүйегінде нысан қалалық активтер басқармасының балансына берілсе, 2025 жылы Тұрғын үй қорына өткізілген.

Алайда Тұрғын үй қоры бұл үйді кім салғаны және оның қандай жағдайда бой көтергені туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады. Себебі мекеме бұл құрылысқа тапсырыс бермеген.

2026 жылдың сәуірінде коттедж бен жер телімі «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына берілді. Енді үй электронды сауда арқылы сатылмақ.

Соған қарамастан, коттедж коммуналдық меншікке өткеннен бері бос тұр. Бағалау есебінде де нысанның қазір пайдаланылмайтыны көрсетілген.

sauda.e-qazyna.kz
sauda.e-qazyna.kz

Осыған байланысты тәркіленген үйді мемлекеттік мекемелерге қызметтік баспана ретінде беру мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Алайда әкімдік мұндай шешімді қарастырып отырған жоқ.

«Мемлекеттік органға қызметтік тұрғын үй ретінде беру қарастырылмайды», – делінген Астана қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қоры NEGE редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

Қазір бос тұрған коттеджді күтіп ұстау шығыны«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының есебінде.

Қазір оқып жатыр

Электромобильді қуаттағанда артық ақша төлемеу үшін желтоқсаннан бастап жаңа талап енгізілмек

Электромобиль

Шетелдік әйел Қонаевта өзіне топтық зорлық жасалғанын мәлімдеді: күдіктілер ұсталды

әйел

Германиямен ғылыми-технологиялық ынтымақтастық Қазақстан экономикасына қандай мүмкіндік береді?

Анель Киреева

Қазақстанға көлік әкелу тәртібі өзгереді: жеке тұлғаларға қандай талап қойылады?

atameken.kz