Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7%-ға артты
Олжас Бектенов Президенттің еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді.
Алматы, NEGE. Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласы кәсіпорындарында металлургия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, автомобиль және теміржол машинасын жасау салаларының дамуымен танысты.
Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған экономиканы әртараптандыру және басым салалардағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуы тексерілді.
Индустриялық парк аумағында Премьер-министрге Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуытуралы баяндалды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Астананың ЖӨӨ көлемі 5,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 7%-ға асып түскенін хабарлады. Жалпы өңірлік өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 72%.
Биылғы 10 айда Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға өсті.
Премьер-министр 7,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан «Digital System Service» ЖШС зауытының өндірістік цехтарын аралап көрді. Телекоммуникация жабдықтарын, оның ішінде модемдерді, коммутаторларды, бағдарлауыштарды, телефон аппараттары мен үйде, кеңседе және өнеркәсіптік пайдалануға арналған стансаларды шығару жолға қойылған.
Зауытта бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуден бастап дайын өнімді жинауға және орауға дейін өндірістің толық циклі жүзеге асырылады. Премьер-министрге жаңғыртудан кейін кәсіпорынның қуаты жылына 720 мың бірлікке дейін өскені, оның көлемін 805 мың құрылғыға дейін ұлғайту мүмкіндігі туралы баяндалды. 2005 жылы ашылған сәттен бастап зауытты дамытуға салынған инвестициялардың жалпы сомасы шамамен $4,5 млн-ды құрады.
Бүгінгі таңда өндіріс 100 қызметкерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Олжас Бектенов импортқа тәуелділікті азайту және жоғары технологиялық өнімнің экспортын ұлғайту мақсатында жағдай жасау үшін мұндай өндірістердің маңызын атап өтті. Қазіргі уақытта Digital System Service тауарлар желісі Қазақстан нарығында кеңінен ұсынылған. Компанияның даму жоспарында шетелдік нарыққа шығу қарастырылған, оның ішінде Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Араб елдері бар.