30 Қаңтар 12:22
...

Астанада Олжас Бектенов пен Михаил Мишустин сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді, оның барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды. 

Алматы, NEGE. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары қаралды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударылды.

Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі $24,2 млрд-қа жетті. Екі мемлекет басшылары арасындағы тауар айналымын $30 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі уағдаластықтарына қол жеткізу мақсатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту маңызды. Экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асырудың оң нәтижелері атап өтіліп, алдағы кезеңге жаңартылған бағдарламаны әзірлеу қажеттігі нақтыланды. 2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 5%-ға өсіп, $3,2 млрд-тан асты. Өнеркәсіп кооперациясы саласында бүгінгі таңда $18,6 млрд-қа қазақ-ресейлік 99 жоба іске асырылды. Қазақстанда жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды.

Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау жоғары қарқынмен дамып келеді. Осыған байланысты автокөлік және теміржол инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ су көлігі саласында жаңа баламалы бағыттар ашуға көңіл бөлінуде.

«Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату көршілік, өзара сыйластық және бір-бірінің мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген. Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қарым-қатынастарымызды одан әрі дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Екі ел үкіметтерінің міндеті — көшбасшыларымыз қол жеткізген келісімдердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Михаил Мишустин.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.