Астанада оқушылардың гардеробта қысылып тұрған видеосынан кейін мектеп басшысы жұмыстан босатылды
Желіде елордадағы №99 мектепте түсірілді деген видео тарады. Бейнежазбадан оқушылардың киім ілетін жерде қысылып тұрғанын көруге болады. Бұл жағдайға қатысты қалалық білім бөлімі пікір білдіріп, мектеп директоры қызметінен босатылғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Ата-аналар мектеп гардеробында сабақ аяқталғаннан кейін үнемі қатты кептеліс болатынын айтып, шағымданған. Видео авторының айтуынша, бір бала қатты қысылғаннан құлап, есінен танып қалған.
Алайда қалалық білім бөлімі бұл ақпаратты бейнебақылау жазбалары растамағанын хабарлады. Тексеру барысында екінші ауысымдағы жеті сыныптың сабағы бір уақытта аяқталғаны анықталған. Соның салдарынан оқушылар гардеробта көптеп жиналып қалған.
«Осы жағдайдан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды», – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ мектеп гардеробындағы кезекшілік күшейтіліп, оқушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданғаны мәлім болды.