11 Маусым 19:25
...

Астанада құрылыс алаңындағы көліктерді бүлдіріп кеткен жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылады

Астана
Фото: әлеуметтік желіден

Астанада қалалық полиция қызметкерлері құрылыс алаңында тұрған бірнеше көлікке зақым келтірген жасөспірімдерді анықтады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Алматы, NEGE. Анықталғандай, көліктер жақын маңдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына тиесілі болған және ұзақ уақыт бойы сол аумақта тұрған.

Бөтеннің мүлкін бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда көлік иелеріне келген материалдық шығын мөлшері есептеліп жатыр.

Тергеу нәтижесінде жасөспірімдердің заңды өкілдері — ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар балалардың әрекеті Астана қаласы әкімдігі жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралатын болады.

Полиция ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, заңға қайшы әрекеттердің салдарын түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызын ескертеді.

«Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында елордалық полиция мен прокуратура бірлесіп, вандализммен күресті белсенді жалғастырып жатыр. Бөтен мүлікті әдейі жою немесе бүлдіру 60 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға әкеп соғуы мүмкін.