Астанада құмар ойынның кесірінен екі шенеунік қызметінен айырылды
Астананың Есіл ауданында интернет арқылы букмекерлік кеңселерде бәс тігумен айналысқан екі мемлекеттік қызметші анықталды.
Астана, NEGE. Прокуратураның хабарлауынша, олардың бірі Есіл ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, екіншісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы қызметін атқарған.
«Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде аталған екі лауазымды тұлға да атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», – деп хабарлады қадағалаушы орган.
Прокурорлар мемлекеттік қызметшілерге мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін, заңда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтау қажет екенін тағы бір рет ескертіп өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында еңбек өтілі 20 жылдан асатын шенеунік құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан босатылғаны туралы жазған едік.