Астанада қазақ-француз мектебінің құрылысы басталды

Бұл — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макрон арасында қол жеткізілген уағдаластық бойынша іске асырылатын бірлескен жоба.
Алматы, NEGE. Бүгін елордада қазақ-француз мектебінің капсуласын қалау бойынша салтанатты рәсім өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Францияның Сыртқы сауда және шетелде тұратын француз азаматтары жөніндегі министр-делегаты Лоран Сен-Мартен қатысты.
Интернаты бар мектеп 800 орынға есептелген және қазақстандық мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестендірілген. Аталған мектепте барлық өңірлердің балалары білім алады.
Қатысушыларға арнаған сөзінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жобаның білім беру саласындағы басты оқиғалардың біріне айналатынын атап өтті.
«Бұл — Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру саласындағы тереңдетілген ынтымақтастықтың символы. Осы мектеп архитектуралық және білім беру тұрғысынан үлгі болып, біздің елдеріміз арасындағы нағыз көпірге айналады деп сенеміз», — деді министр.
Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі негізгі білім беру ұйымдарының біріне айналатын болашақ мектеп 2026 жылдың 1 қыркүйегінде өз есігін ашады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Алматы қаласында қазақ-француз мектебі ашылады.