Астанада гендерлік теңдікті дамытуға арналған тренинг өтті
Стратегиялық сессия аясында «Әйелдер көшбасшылығы орталығы» Қазақстандағы гендерлік теңдікті дамыту мәселелері бойынша тренинг өткізді.
Астана, NEGE. Іс-шараға Астана қаласының Әйелдер істері жөніндегі комиссиясының мүшелері, елордалық үкіметтік емес ұйымдар, Әйелдер күштері альянсы және CIPE халықаралық ұйымының өкілі қатысты.
«Біз әйелдердің корпоративтік сектордағы өкілдігін жоғарлатуға күш жұмсап, олардың білім алуына алғашқылардың бірі болып бастама көтердік. Біздің басты мақсатымыз – барлық жеке кәсіпорындарды, бастамаларды, үкіметтік емес ұйымдарды, құқық қорғау, балаларды қорғау және отбасы институтын дамыту саласында жұмыс істейтіндерді бір ортаға ұйыстыру. Әйелдер күштері альянсымен бірлесе отырып, біз көптеген жобаны жүзеге асырдық, сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде Альянстың қолдауымен үйірмелер ашып жатырмыз. Айта кетерлігі, 100 мың қазақ әйелі өнеркәсіпте, 90 мыңнан астамы шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Әйелдер істері жөніндегі комиссия үш бағытта жұмыс істеп жатыр, соның бірі – саясат», - деді Астана қаласы әкімі аппараты жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас хатшысы, инспектор Қарлығаш Сәркенова.
Шара барысында CIPE қауымдастығының даму жөніндегі директоры Стивен Розенлунд баяндама жасады. Ол қазақстандық нарықтың аналитикасымен таныстырып, гендерлік теңдіктің даму жағдайы туралы айтты.
Астанадағы «Әйелдер күштері альянсы» заңды тұлғалар ұйымының төрағасы Назгүл Мақжанованың айтуынша, оқыту жаңа білім алуға және тәжірибе алмасу кеңістігін құруға мүмкіндік береді.
«Бүгін Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Әйелдер күштері альянсы», Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы америкалық қонақ – CIPE қауымдастықтарын дамыту жөніндегі директордың қатысуымен кездесу өткізіп жатыр. Бұл ұйым 40 жастан асқан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау сияқты бірнеше бағытта жұмыс істейді. Стратегиялық сессия аясында біз тәжірибе алмасамыз. Бұл жиынға еліміздің ірі республикалық қоғамдық бірлестігі мен үкіметтік емес бірлестіктері қатысып отыр. Жақында Сенатта Тұрақты даму мақсаттары, әсіресе гендерлік теңдік мәселелері бойынша тыңдаулар өтті. Осы нарықта жұмыс істеген 5 жыл ішінде Әйелдер күштері альянсы өте жақсы нәтиже көрсетті. Біз партиялық тізімдегі әйелдерге 30 пайыздық квотаның бастамашысы болып, осы мақсатқа қол жеткіздік», – дейді Назгүл Мақжанова.
Сондай-ақ шара барысында қатысушылар елде болып жатқан соңғы жағдайларды, жаһандық трендтерді, Қазақстандағы гендерлік теңдікті дамытудың стратегиялық көзқарастарын талқылады.