25 Қыркүйек 15:58
...

Астанада есірткі таратқан қыз 10 жылға сотталды

Ұстау
Фото: ғаламтордан

Ақмола облысында туған, Астанада өскен қыздың тағдыры нашар орта мен нашақорлыққа байланысты күрт өзгерді. Бұл туралы Қылмыстық атқару жүйесі комитеті хабарлады.

Алматы, NEGE. Ол есірткі таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қыздың айтуынша, бәрі колледжге түскен кезде басталған.

— Мен бір қызбен таныстым. Ол жиі қыдыратын. Бірде пәтерде өткен кешке шақырды. Барсам, жастар, ішімдік, үстелде ақ ұнтақ тұр. Маған да ұсынды. Қорықтым. Бірақ «бәрі жақсы болады» деп сендірді. Қызығушылықпен байқап көрдім, — дейді ол.

Содан бастап қыз бірнеше ай бойы есірткі қолданған. Алғашқыда досы әкеліп жүрген, кейін өзі интернет арқылы іздеп тапқан. Уақыт өте келе ақша жетпей, курьер болып, «қалташа» арқылы есірткі таратумен айналысқан.

Көп ұзамай оның қылмыстық әрекеті әшкере болды. Үйінен 53 грамм, қалтасынан 10 грамм есірткі табылып, өз подъезінде ұсталды. Тергеу кезінде кінәсін мойындап, істі жеңілдететін жайттарға қарамастан, сот оны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

— Туыстарым қатты ренжіді. Әсіресе, әпкемнің қызы жылады. Сол сәтте бәрін түсіндім. Ақшаның бәрі түкке тұрмайды, егер ішкі жан-дүниең бос болса. Қазір әр күн өзімді кінәлап, қатты өкінемін. Наркотик — тәуелділік. Жақындарыңды ойлау керек еді. Ал мен оларды көруден де қалдым, — дейді ол.

Қазіргі уақытта жазасын № 32 түзету мекемесінде өтеп жатқан қыз білімін жалғастырып, жаңа өмір бастауға ниетті екенін жеткізді.