9 Желтоқсан 13:20
...

Астанада Болат Мажағұловтың соты өтіп жатыр

Болат Мажағұлов
Фото: gov.kz

Қыркүйек айында Қаржы мониторингі агенттігі мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты 1 млрд теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.

Астана, NEGE. 2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған. Алайда 2017 жылдан бері субұрқақ сапасыз материалдан салынғандықтан жарамсыз болып қалған. Тергеу барысында белгілі болғандай, жоба мемлекеттік тапсырыссыз, жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.

Экс-шенеуніктің жалпы құны 572 миллион теңгеден асатын мүлкі – Астанадағы үш коммерциялық үй-жай, екі автотұрақ және премиум-класс пәтері тәркіленді.

Мажағұлов қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды.

Мажағұловпен бірге сотта қатысы бар деген айыппен Мәди Қанапин де отыр. 

Мажағұловтың қорғаушысы бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу туралы міндеттемеге ауыстыруды сұрады. Алайда, прокурор мен басқа сотталушының адвокаты өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Өйткені Мажағұловқа ауыр айып тағылды, Канапин М.С. қылмыс жасауға жәрдемдесті. Сонымен қатар Болат Мажағұлов тергеу барысында қашуға әрекеттенген, беттестіруге келмеген, шетелге ұшып кететін билеттері болған.

Айыптау қорытындысы жарияланғаннан кейін Мажағұлов та, Қанапин де өз кінәсін мойындамады.