Аймақ
Астанада Ақтөбе облысының 100-ден астам өнерпазы мен креаторы бас қосты
Елордада Ақтөбе облысының шығармашылық әлеуетін таныстыратын «Aqtobe Creative Days» көрме-жәрмеңкесі ашылды. Екі күнге созылатын шараға өңірден 100-ден астам қолөнерші, дизайнер, суретші, музыкант және IT маманы қатысып жатыр.
Астана, NEGE. Көрме Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылған. Мұнда ақтөбелік шеберлер 30-ға жуық бағыт бойынша өз туындыларын, жергілікті брендтер мен шығармашылық жобаларын көпшілік назарына ұсынды.
Көрмеден зергерлік бұйымдарды, теріден, ағаштан, сүйек пен жүннен жасалған заттарды, сырмақ, басқұр, ұлттық нақыштағы киімдер мен түрлі кәдесыйларды көруге болады. Келушілер дайын бұйымдарды тамашалап қана қоймай, олардың қалай жасалатынын да көре алады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Шара аясында зергер Болат Атыраубаев, киіз басу шебері Рабиға Испулатова, қолөнерші Ерқосай Әбілов және суретші Қайрат Ноғаев шеберлік сабақтарын өткізеді.
Көрменің тағы бір ерекшелігі – ақтөбелік дизайнерлердің сән топтамалары. Жеті дизайнер ұлттық ою-өрнектер мен дәстүрлі киім үлгілерін заманауи сәнмен ұштастырған жұмыстарын таныстырады.
Олардың қатарында «SAULEMAI COUTURE», «Trumova Collection», «SYRMAK», «ULPAN SAN UI», «MARKA» сән үйлері мен Azamat SAIN бренді бар.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мәселен, «SYRMAK» дәстүрлі сырт киім үлгілерін кең пішімді заманауи киімдермен үйлестірсе, «Trumova Collection» қазақы нақыштағы әйелдер киімін ұсынады.
Ал 2015 жылы құрылған Azamat SAIN бренді балалар киімдерінің топтамасын көрсетеді. Бұл брендтің өнімдері бұған дейін халықаралық сән алаңдарында да таныстырылған.
«Aqtobe Creative Days» аясында Ақтөбе өңірінің тумасы, әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған арнайы экспозиция да ашылған. Онда өнерпаздың халықаралық жетістіктері мен шығармашылық жолына қатысты материалдар қойылған.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Көрмеде тек өнер туындылары ғана емес, технологиялық жобалар да ұсынылған. Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының курсанттары өздерінің IT жобалары мен цифрлық шешімдерін таныстырып жатыр.
Әдебиет сүйер қауым үшін Book Market алаңы жұмыс істейді. Онда Ақтөбе облысынан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары қойылған.
Сонымен қатар «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жазушы Әлихан Жақсылықтың Ақтөбе өңіріне арналған анимациялық фильмі көрсетіледі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымын сахналайды.
Музыкалық бағдарлама да қарастырылған. Келушілер «SherTer» жобасының орындаушыларын, «Жеребе life» өнерлі жастар бірлестігінің концертін және жас композитор Серік Закарияның шығармашылық кешін тамашалай алады.
Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе облысының мәдениет саласында 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ұйымдастырушылар «Aqtobe Creative Days» жобасы арқылы жергілікті шеберлер мен дизайнерлердің өнімдерін кеңінен таныстырып, шығармашылық бастамалардың дамуына жол ашуды көздейді.