USD
USD
USD

Астанада 600 бала оқитын мектептен тарихи ғимаратты босатуды талап етіп жатыр

Сыртқы саяси зерттеулер институты InDiGo өнер мектебінен тарихи ғимаратты босатуды талап етуде.  Осыған байланысты балалардың ата-аналары үндеу жолдап, білім беру нысанын сақтап қалуды сұрады.

тарихи ғимарат
Фото: iapn.kz

АСТАНА, NEGE. Мектеп жетекшісі Максим Кравченконың айтуынша, өнер орталығы 2021 жылдан бері көпес И. Силиннің бұрынғы тұрғын үйінде жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда 5 пен 18 жас аралығындағы 600-ден астам бала білім алып жүр.

кравченко
nege.kz

Алайда бұл оқушылар мектепті аяқтай алмауы мүмкін. Себебі жуырда мектеп ұжымына СІМ-ге қарасты Сыртқы саяси зерттеулер институтынан жалға беру мерзімі ұзартылмайтыны туралы хабар келген. Себебін нақтылап ешкім түсіндірмепті. Тіпті бұл нысанға кімдер келетіні жайлы да мардымды ақпарат жоқ.

Максим Кравченконың сөзінше, ғимарат алдымен Мемлекеттік мүлік комитетінің басқаруына өтіп, кейін әкімдік қарамағына берілуі мүмкін. Орталық жетекшісі бұл нысанға қалай болса да, квазимемлекеттік сектор жайғасатынына сенімді.

«2021 жылдан бері Силин атындағы ғимаратта жұмыс істеп келеміз. Жалға алу бойынша Сыртқы саяси зерттеулер институтымен жыл сайын жаңа талаппен келісімшарт жасасып келдік. Мәселен, жаңа талап жалға беру ақысына қатысты. Биыл құнын 40%-ға көтерді. Жақында жалға беру ұзартылмайтыны туралы хабар келді. Нақты себеп түсіндірілмеді, тек республикалық басқаруға өтетіні ғана белгілі. Айта кету керек, жалға алу, нысанды басқа мекемеге беру шаруаларымен министрліктің өзі айналыспайды. Мұны Сыртқы саяси зерттеулер институты жүргізеді», – дейді ол.

өнер мектебі
nege.kz

Орталық басшысының айтуынша, оқу орны жалға алу шарты бойынша барлық міндеттемелерін толық орындап келген. Қарыз жоқ, төлемдер уақытылы жүргізілген. Бұған қоса мектеп ұжымы ғимаратты күтіп ұстауға өз қаражатын жұмсаған. Шатырды жөндеп, жылу, су және кәріз жүйелерін қалпына келтірген. Бұған дейін тозығы жеткен инженерлік желілер бірнеше жыл ішінде ретке келтіріліп, ғимарат тұрақты жұмыс істейтін жағдайға жеткізілген.

«Біз күн жылығанда ғимараттың сырт келбетін реттеп, тазартып, тағы да бір жөндеу жұмыстарын жоспарлағанбыз. Алайда, келісімшартты үзу, нысанды басқаларға беру туралы хабарлама келгеннен бері бұл мәселе тұралап қалды. Біздің бүгінгі міндетіміз осы нысанда қалу болып тұр. Барынша соған әрекет етіп жатырмыз», – деп түсіндірді Кравченко.

өнер мектебі
nege.kz

Максим Кравченко бүгінгі проблема алғаш емес екенін ескертті. Оның сөзінше, былтыр да осылай ғимаратқа қатысты дау болған көрінеді.

«Шамамен бір жыл бұрын да осындай жағдай болған еді. СІМ-ге еншілес ұйымға берілмек болды. Алайда олар өздері бас тартып, мәселе шешілген еді. Дегенмен өткен жылы да қазіргідей балама нысан іздеп, әуре-сарсаңға түскеніміз бар. Ол уақытта да ата-аналар қарсылық танытып, ғимаратты ауыстырмауды сұраған», – дейді жетекші.

Сондай ақ, орталық басшысы бұл жүйелі мәселеге байланысты балалар үндеу жазып, петиция әзірлегенін айтты.

өнер мектебі
nege.kz

«Балалардың өздері петиция жазып, қол жинап жатыр. Оқушылар да бейжай қарай алмады. Біз олардың мәтінін өзгертпедік, себебі ол шынайы, жүректен шыққан сөздер. Олар бұл жерден кеткісі келмейді», – деп түйіндеді Кравченко.

Бұл мәселеге ата-аналар да белсенді түрде үн қосып, мектепті осы жерде қалдыруды талап етуде. 

өнер мектебі
nege.kz

Оқушылардың бірінің анасы, гид Әсел Шырынбаева бұл ғимараттың тарихи маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, нысан – бірінші гильдия көпесі Василий Кубриннің 1910–1912 жылдары салынған үйі. Бұл ғимарат ескі Ақмоланың ең көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірі саналады.

«Менің 11 жастағы балам осы орталыққа келеді. Оған ғимараттың орналасқан жері ұнайды. Өйткені бұл ауданда шығармашылық атмосфера бар. Мен өзім гид болғандықтан, бұл нысан мен өнер мектебінің байланысы барын білемін. Экскурсия жүргізгенде туристерді міндетті түрде осы ғимараттың жанына алып келемін. Мұнда балалар өнермен айналысатынын айтқанда, көпшіліктің көңілі ерекше ауады. Тарихи ғимарат пен балалар шығармашылығының үйлесімі өте әсерлі көрініс», – дейді ол.

өнер мектебі
nege.kz

Шырынбаеваның пікірінше, дәл осындай үйлесім қаланың бірегей келбетін қалыптастырып тұр. Ол бұл ғимаратта бұрын ойын-сауық сипатындағы нысан орналасқанын еске алып, мұндай формат тарихи орынның мәнімен үйлеспейтінін алға тартты.

өнер мектебі
nege.kz

Ал тағы бір тәрбиеленушінің анасы Анна Памятных бұл мектептің балалар үшін маңызы ерекше екенін айтты. Оның сөзінше, мұнда тіпті алыстан қатынап оқитын балалар да бар.

«Қызым 8 жаста. Бұл мектепке қабылданғанымызға қатты қуандық. Мұнда жазылу қиын болды. Көп күттік. Егер оны осы жерден көшіру туралы шешім қабылданса, бұл әншейін ғана қателік емес, орны толмас олқылық болар еді деп ойлаймын. Тіпті кей ата-аналар балаларын қаланың сол жағалауынан арнайы осында әкеледі. Жүздеген отбасы осында қатынайды. Орталық түлектері шет елдердегі жарыстардан жүлдемен оралып жатқан соң, нәтижеге қараймыз ғой бәріміз. Мектептің өзі ғана емес, орналасқан ғимараттың тарихи мәні де үлкен рөл атқарады», – дейді ол.

Қазіргі таңда бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Ғимараттың нақты қай мекеменің қарамағына өтетіні де әзірге белгісіз.

NEGE редакциясы бұл мәселеге қатысты Астана қаласының әкімдігінен пікір алуға тырысты. Алайда жергілікті атқарушы орган әзірге бұл жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Ал Мемлекеттік мүлік комитеті нысанға қатысты қандай да бір нақты шаралар әлі басталмағанын хабарлады. Сонымен қатар ғимаратқа тікелей жауапты Сыртқы саяси зерттеулер институтына да ресми сауал жолданды.

Қазір оқып жатыр

Небәрі 29 жоба және 11 қылмыстық іс: Тоқаев Ғылым қорын сынға алды

Тоқаев

Астанада Тасмағамбетов кезінде басталған көшенің «жыры» әлі бітпеген

Бейсекова көшесі

Шымкентте жоғарғы сынып оқушысы өзінен кіші баланы тепкілеп кеткен

Жас баланы ұрды

Жас балалары бар жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынбақ

Еңбекті қорғау туралы заң