«Астана Моторс» өкілдері Сәтбаев университетіне келді

Сәтбаев университеті Astana Motors компаниясымен серіктестік келісімге қол қойды.
Алматы, NEGE. Кездесуге «Astana Motors» компаниясы тарапынан «Astana Motors» ҚМК бас директоры Бекнұр Несіпбаев, «Astana Group» корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Ләззат Әлжанова, «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының директоры Илья Мельников, «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының персоналмен жұмыс жөніндегі департаментінің басшысы Еркебұлан Жолдасов, «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауытының директоры Максим Тарасов және «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауытының кадрларды іріктеу жөніндегі жетекші маманы Тазагүл Әбішева қатысты.
Кездесу барысында «Astana Motors» компаниясы мен Сәтбаев Университеті арасындағы білім және ғылым саласы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынастың келешегі туралы талқыланды. Тараптар мына төменде көрсетілген негізгі іс-қимылдар бойынша өзара келісті:
Astana Motors компаниясы Сәтбаев Университетінің студенттеріне компанияның кәсіпорындарында тәжірибеден өтуге және кейіннен жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, бұл студенттерге өндірісте жүріп, мол тәжірибе жинақтауға көмектеседі.
«Astana Motors» өзінің қызметкерлерін оқытып, оларға біліктілігі мен дәрежесін арттыруға мүмкіндік береді.
«Astana Motors» компаниясы университетпен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және инновациялық шешімдерді әзірлеу бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды.
Сонымен қатар зерттеу және әзірлеу жұмыстары бойынша бірлескен жұмыс алаңына айналатын ортақ зертхана ашу жоспарлануда.
Тараптар өзара тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін, «Astana Motors» компаниясында университет кафедрасының филиалын ашу мүмкіндігін де талқылады.
Сондай-ақ кездесу барысында инженерлік мамандардың, оның ішінде машина жасау саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі, «ақылды қаланы» дамыту қажеттілігі және көлік ағынының артуы салдарына байланысты туындап отырған экологиялық проблемалар жайлы талқыланды.
«Astana Motors» пен Сәтбаев Университетінің өзара ынтымақтастық қарым-қатынасы екі ұйымның қызметкерлері мен ғалымдарына, студенттерге тамаша мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, сөйтіп Қазақстанның білім, ғылым және өндіріс саласындағы өз позициясын нығайтуына да мүмкіндік береді.