29 Сәуір 09:18
...

Астана сотында Қуандық Бишімбаевтың ата-анасының талап-арызы қаралып жатыр

Бишімбаев
Фото: Жоғарғы сот

Елордадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сот Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбекованың Қайрат Кемеловке қарсы ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы талап-арызын қарап жатыр.

Алматы, NEGE. Қаңтар айында AIRAN YouTube арнасында Бишімбаевтың анасы өзінің туысы Бекзат Кемеловаға қарсы қылмыстық іс қозғауға бастамашы болғаны туралы материал шыққан еді.

Болжам бойынша, Бекзат Кемелова олардан 1 миллион долларды алдап алған және кейін қайтарудан бас тартқан. Күдіктінің күйеуі, сот-медицина сарапшысы Қайрат Кемеловтың айтуынша, Альмира Нұрлыбекова Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сараптама қорытындысына ықпал етуден бас тартқаны үшін олардан осылайша кек алып отыр.

Бишімбаевтар отбасының адвокаты Ерлан Ғазымжанов NEGE порталына оқиғаның мән-жайын айтып берген болатын.

– Тергеу амалдары жүріп жатқанда Бишімбаевтардың үйіне Бекзат Кемелова келіп (туысы Қайрат Кемеловтің әйелі – ред) «Антикорда жұмыс істейтін күйеубаламнан естіп-білдім, «Қуандықтың туыстарының үйіне тінту жүргізеді екен. Тізімде 30 адам тұр, тек біздің ғана фамилия жоқ» деп айтты. Сондықтан үйіңізде қымбат, бағалы дүниелер немесе ақша болса, бекерден-бекер күйіп кетпесін. Одан да біз алып, сақтап берейік. Керек кезде аласыз ғой...», – деп сендіріп әрі психологиялық қысым жасап, қорқытады. Ең қызығы, ол бұл әрекетін күйеуіне айтпаған көрінеді.

Есіңізде ме, дәл сол уақытта ақпарат құралдарында «Бұлардың бүкіл ақшасын тексеру керек! Бәрін тартып алып қою керек!» деген жазбалар көбейді ғой. Одан кейін Нүкенованың әкесі «Бишімбаевтар байлығын тексеруді талап етемін. Олар ақшаны қайдан тауып жатыр?» деген сарында президентке ашық үндеу жолдаған.

Бұл бар, екінші жағынан әлгі туысының айтқаны бар, Альмира Нұрлыбекова басында тартыншақтағандай болады. Бірақ ойлана келе, туысына сеніп, 1 млн долларын береді. Екіншіден, аяқ астынан доллар өсіп кеткенде жиған-тергені сәл де болса сақталады деп ойласа керек. Содан ешқандай тінту шарасы жүргізілген жоқ. Сот өтіп, Қуандық Бишімбаевқа жаза тағайындалған соң, Альмира несиесін, шығынын төлеу үшін ақшасын сұрайды. Бірақ неге екені белгісіз, күнде «ертең», «келесі апта» деп жүріп, ақыр соңында «Бізде ешқандай ақша жоқ. Біз сіздерге ештеңе бере алмаймыз» деп сөзінен тайқып шыққан.

Осы жағдай жаңа тергеудің басталуына себеп болған.