22 Желтоқсан 17:52
...

Астана соты анестезиологқа шыққан үкімді түсіндірді

freepik.com
Фото: freepik.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қыздың өліміне әкеп соққан кәсіби міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша айыпталған Аида Жұмағалиева қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Астана, NEGE. Сот мәліметінше, кәмелетке толмаған қыздың ата-анасы баланың тісінің ауырсынуына байланысты жеке стоматологиялық клиникаға жүгінген.Тексеру барысында баланың 11 тісінің зақымданғаны анықталған. Жалпы наркозбен ем жүргізуге дайындық мақсатында пациентке бірқатар тексерулер (жалпы қан талдауы, коагулограмма, жүректің УДЗ зерттеуі) тағайындалған. 

«Қабыну процестерінің және қолайсыз зертханалық көрсеткіштерге қарамастан, Жұмағалиева жалпы седация жағдайында ұзақ уақытқа созылған стоматологиялық ем жүргізуге жол берген. Процедура барысында севофлуран маскалық режимде 4,5 сағат бойы қолданылған, ал емдеуді стоматолог А. жүргізген», – делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты таратқан хабарламада.

Сот анықтағандай, анестезиологиялық қамтамасыз ету кезінде сәйкес келмейтін тыныс алу контуры қолданылып, өкпені жасанды желдету аппаратымен синхрондау болмаған. Соның салдарынан өкпенің минуттық вентиляциясының төмендеуіне, жедел гипоксияға, мидың ісінуіне және соның салдарынан пациенттің өліміне әкеп соққан.

«Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің материалдарымен дәлелденді», – деп хабарлады сот өкілдері.

Прокурор сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыруды тағайындауды, алайда Амнистия актісін қолдану арқылы негізгі жазаны өтеуден босатуды сұраған.

«Сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін кінәсіз деп танып, ақтауды сұрады», – делінген сот хабарламасында.

Сот өкілдерінің нақтылауынша, Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігінің санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға дейін айырумен қатар, 4 жылға дейінгі мерзімге бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының екі кәмелетке толмаған баласының барын, жұмыс орнынан берілген оң мінездемесін және бұрын сотты болмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерген.

«Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Қылмыс абайсызда жасалған және онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты қабылданған амнистия туралы» Заңның 2-бабы 1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар және (немесе) онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады», – деп түсіндірді сот өкілдері.

Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін, жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, сондай-ақ жәбірленуші тараптың пікірін ескере отырып, сот Жұмағалиеваға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық көмек көрсету немесе медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындаған.

Алайда амнистия актісін қолдану негізінде Жұмағалиева тағайындалған негізгі жазаны өтеуден босатылды. Іс бойынша жәбірленуші тарап азаматтық талап қоймаған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.