28 Мамыр 15:30
...

Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасын әзірлей алады

Тұрғын үй
Фото: ғаламтордан

Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады.

Алматы, NEGE. Заң аясында 9 кодекс пен 45 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Құжат 2025 жылдың 5 наурызында бірінші оқылымда мақұлданды. Заң арқылы астана мен республикалық маңызы бар қалаларды абаттандыру мәселелері бойынша стандарттар жетілдіріледі.

Олар қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге, дизайн-кодты енгізуге, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың дизайн-кодқа сәйкес құзыреттерін нақтылауға, стационарлық емес объектілерді орнатуға және пайдалануға қатысты. Сонымен қатар жарнама қызметі реттеледі. Қоғамдық орындарда көшедегі аудиожарнамаға, сондай-ақ тротуарлар мен автожолдардың бетіне сыртқы жарнама орналастыруға тыйым салынады.

Түзетулердің тағы бір блогы елордадағы көші-қонды реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Құжатпен жұмыс барысында депутаттар астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреттерін кеңейтуді ұсынды. Олардың құзыреті тұрғынжай реновациялау бағдарламасын бекіту, аумақтарды абаттандыру, сауда, медициналық, қонақ үй және өзге де қызметтер көрсету қағидаларын бекіту, қалалық қоғамдық көлікте қолданылатын тарифтік саясатты әзірлеумен толықтырылады.

Сондай-ақ мәжілісмендердің бастамасымен көші-қон саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен «уақытша көшіп келушіні тіркеу» тұжырымдамасы енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мақсатымен жылу-энергетика, сумен жабдықтау және су бұрудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге бағытталған түзетулер енгізілді.