11 Қараша 18:42
...

Ассамблеяны кім басқаруы керек: Назарбаев па, әлде Тоқаев па?

Фото:

Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кезекті жиыны өтті. Төрағаның жаңа орынбасарлары тағайындалды. Көп мәселе көтерілді. Алайда осы ұйым туралы соңғы кезде жағымсыз пікір жиі айтылып жүр. Әсіресе, ұлтаралық мәселе туындағанда жұрт жаппай ассамблеяны іздейді. «Ассамблея керек пе, жоқ па?» деген төтен сұрақтың қабырғасынан қойылатыны да осы тұс.

«Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заң бар. Бұл заң бойынша ассамблеяның құқықтық мәртебесі, міндеттері, принциптері мен қызметінің бағыттары айқындалған.

Ұйымның міндеттері мен мәртебесі туралы сөз етпей-ақ қояйық, онсыз да түсінікті. «Ассамблея керек пе, жоқ па?» деген сұраққа да жауап іздемейміз. Жауап «өз ішіңізде» екеніне сенімдіміз. Бірақ ассамаблея заң жүзінде бар және бүгін Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев ассамблея кеңесінің отырысын өткізді. Біз бұл жолы тақырыптағы сұраққа жауап іздейміз.

Фото: ғаламтордан

Ассамблея туралы заңның «Қазақстан Республикасы Президентінің Ассамблеяға қатысты құзыреті» деп аталатын 7-бабында былай дейді:

1. Қазақстан Республикасы Президенті:

1) Ассамблеяны құрады және қайта ұйымдастырады;

2) Ассамблея қызметінің бағыттарын айқындайды;

3) Ассамблея басшылығының лауазымды адамдарын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

4) Ассамблея сессиясын шақырады;

5) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі.

Өздеріңіз байқағандай, ассамблеяға қатысты барлық «қара жұмысты» Президент атқарады, бірақ «өмір бойы басқару құқығы» Елбасына тиесілі.

Енді «Ассамблея төрағасы» деп аталатын 12-бапқа назар салыңыз.

1. Ассамблея Төрағасы Ассамблеяны, Ассамблея Кеңесін басқарады және Ассамблеяның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.

2. Ассамблея Төрағасы:

Ассамблеяның бағдарламалық құжаттарын бекітеді және оларды іске асыру жөнінде тапсырмалар береді;

2) бұқаралық ақпарат құралдарында және халықаралық ұйымдарда Ассамблея атынан үндеулер және мәлімдемелер жасайды.

3. Ассамблея Төрағасы өз өкілеттіктерінің бір бөлігін Ассамблея Төрағасының орынбасарларына беруге құқылы.

Бұл екі бап бойынша «ұйымдастыру» мен «басшылықты жүзеге асыру» деген екі сөз шешуші мәнге ие. Яғни Президент – «ұйымдастырушы», Елбасы – «басшылықты жүзеге асырушы».

«Ассамблея Төрағасының орынбасарлары» деген 13-бап тағы бар.

1. Ассамблея Төрағасының орынбасарларын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

Этномәдени бірлестіктерден Ассамблея Төрағасының орынбасарларын Кеңестің ұсынымы негізінде ротациялау қағидатына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

Ассамблея Төрағасының орынбасарларын ротациялау кезеңін Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

2. Ассамблея Төрағасының орынбасарлары:

1) Ассамблея Төрағасының ерекше құзыретіне кірмейтін өкілеттіктерді жүзеге асырады;

2) Ассамблея Төрағасының тапсырмасы бойынша Ассамблея атынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында және халықаралық ұйымдарда өкілдік етеді;

2-1) Ассамблея Төрағасының, Ассамблеяның жұмыс органының Сессиялар мен Кеңес шешiмдерiн іске асыру жөніндегі тапсырмаларын орындайды;

3) Ассамблеядағы істің жай-күйі және бағдарламалық құжаттарының іске асырылу барысы туралы Ассамблея Төрағасына қажеттілігіне қарай ақпарат береді.

Бұл жерде «тағайындау» мен «айқындау» туралы айтылады. Бұл екі «мәртебе» де Президентке жүктеліпті. Осы тұста  нақтылап алатын мәселе бар. Ассамблея Төрағасы – Н.Назарбаев. Бірақ Төрағаның орынбасарларын Президент Қ.Тоқаев тағайындайды. Сонда ассамблеядағы Президенттің мәртебесі қандай?

«Қазақстан халқы ассамблеясын кім басқарғаны дұрыс? Елбасы ма, әлде Президент пе?» деген сұраққа маңыз беріп отырғанымыздың төркіні түсінікті болар. Бәлкім, төрағаны сайлау керек шығар?

Дос Көшім, саясаттанушы:

Конституцияға қайшы

– Жалпы, өзім ешқандай сайлаусыз өмір бойы басқару дегенге толығымен қарсымын. Себебі, демократиялық елдерде бір адамның қызметі ешуақытта өмір бақилық болмайды. Ол сол орынға бәсекелестік, сайлау арқылы келуі керек. Оны алдын ала бір адамға байлап қою демократияға жатпайды. Егер халық қолдап, ассамблея мүшелері дауыс беріп сайласа, оған қарсылық жоқ. Бірақ заң арқылы мұны істемесе, бұл адам құқына да қарсы, Қазақстан конституциясына да қайшы. Өйткені, Конституция бойынша әр азаматтың сайлау және сайлану құқы бар. Оны активті және пассивті құқық дейді. Демек, бұл жерде сол құқық толық жойылып отыр. 

Бұрын орынбасарларын Нұрсұлтан Назарбаев өзі тағайындайтын. Егер қазір оларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаса, мұнысы қызық екен. Ендеше, ассамблея төрағасы Тоқаев болуы керек қой. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деген осы.

Ассамблеяның статусына қатысты да сұрақ көп. «2008 жылы статус алды» деді. Бірақ қоғамдық ұйым ба, мемлекеттік ұйым ба, ешкім білмейді. Егер қоғамдық ұйым болса, мемлекет ақша бермеуі керек еді. Бірақ оған мемлекет ақша бөліп, депутаттарды тағайындайды. Ассамблея керек пе, жоқ па деген сұрақ та осындай белгісіздіктен шығады.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Ассамблея төрағасын сайлау керек

– Қазір түрлі әңгіме айтылып жүр. «Қазақстан халқы ассамблеясы керек емес» деуге болмайды. Негізінде, маңызы зор қоғамдық ұйым. Бірақ оның жұмысын жандандыру керек, халыққа пайдасын тигізу керек. Түрлі этникалық қақтығыстар мен кикілжіңдердің алдын алуы тиіс. Негізгі миссиясы – осы. Халықты бір-біріне тең ұстау керек.

Ассамблеяның төрағасы Елбасы болсын делік. Бірақ ол кісі қартайды ғой. Бір адамды бір орынға жабыстырып қою дұрыс емес. Сондықтан ассамблеяның төрағасын сайлау сол ұйымның жиынында шешілуі керек. Мәселен, қажет болған жағдайда күн тәртібіне шығарып, төрағаны ауыстырып отыру қажет.

Әрине, бұл – Елбасының ұсынысымен құрылған ұйым. Бірақ ассамблеяның өмір бақи төрағасы болу деген дұрыс емес. Бізде Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, басқа да төрағалықтары бар. Бірақ бұл демократия принциптеріне қарсы. Қандай билік болсын, ауысып, өзгеріп тұру керек. Сонда қызметіне қан жүгіреді.

Тегтер: