АССАМБЛЕЯ жиыны өтіп жатқанда АСТАНАДА ұлтаралық жанжал туа жаздады

Кейбір дереккөзге сенсек, Астананың №32 мектебіндегі директордың ауысуы, басшылықтың заңды талаптары ұлтаралық жанжалға ұласа жаздапты.
Балалар арасында орыс сыныптарын қазақ сынаптарын ұруға шақырған үндеулер тарап, ата-аналар чатында «қазақтар орыстарға қарсы, соғыс басталды» дегендей жазбалар пайда болған. Бірақ құқық қорғау органдары мектептегі дау-дамайдан «ұлтаралық жанжал дерегін таппадық» деп мәлімдеп отыр.
Десе де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгіни Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының отырысында «этносаралық қатынас мәселесіне» ерекше тоқталды.
Қоғам белсендісі, журналист Кирилл ПАВЛОВТЫҢ әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, оқиға білім министрлігі және құқық қорғаушылардың «иегінің астында» ұлтаралық жанжал туындаған.
Фото: К.Павловтың парақшасынан скрин.
«Балалар инстаграм аккаунттарында: «гоу толпа на толпу русские классы против кз» деген ұрандар көтерілсе, ата-аналар чатында: «казахи против русских идет война» деп жазған. Бірақ инстаграм аккаунттары көп ұзамай өшірілген. Ата-аналардың дені ештеңе түсінбей, үрейге бой алдырған. Кейбірі сабырға шақырса, кейбірі ашық түрде шовенистік көңіл-күйде болды», – деп жазады Кирилл Павлов.
Қоғам белсендісінің айтуынша, бар гәп мынада екен. Жақында бұл мектептің директоры ауысыпты. Бұрынғысы жасы келіп, зейнетке шыққан.
«Оңтүстікте мұндай жағдайдың талайын көрдім. Бірден мұның астарында қаржы мүддесі жатқанын, бір шикілік барын бірден айттым. Орыстілді сыныптардың ата-аналары бірден мектептің жаңа басшысына қарсы өре түрегелді? Жайдан-жай бұлай болмайды. Шерше ля мани», – деп тұжырымдайды Кирилл Павлов.
Сөйтсе, бұл әдетте жұрт ойлайтындай, оқиғаның себебі орынтақ үшін күрес те емес екен.
«Балалар дүрліксе, онда мұның артында оқытушылардың мүддесі бар деген сөз. Бұрынғы директор (ұлты еврей) мектеп оқытушыларына кабинетті жалға беру мәмілесін рәсімдеп, ақыға қосымша сабақ өткізуге мүмкіндік беріп келген. Жаңа директор бәрін заңды жолға қойып, келісімшарт жасатпақшы болыпты. Дау-дамай осыдан басталған. «Ұлтаралық жанжалды неге қоздырып жатыр» деген сауалды жауабы осы. Мен кезіктірген ұлтаралық жанжалдың 99,99 пайызының бір ұшы қаржы мүддесіне келіп тіреледі. Болашақта сабақ болсын деп айтып жатырмын», – дейді Кирилл Павлов.
Фото: ғаламтордан
Бұл оқиға жөнінде NEGE-ге құқық қорғау органдары да түсініктеме берді.
«Полиция қызметкерлері тексеру барысында ұлтаралық жанжал тұтандыру дерегі расталмады. Астана қаласының Білім басқармасы мектептегі оқиғаны тексеріп жатыр. Полиция жалған ақпаратты таратқаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», – дейді Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Бұл оқиға Ақорданы да қатты алаңдатқаны байқалады. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеуді ұсынды.
«Қазір дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Жаңа басымдықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналды. Мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Бұл ретте, этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды», – деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.