«Жұлдызай желпініп билеп...» – Нұржан ҚАЛЖАН 40 жасын дүркіретіп өткізді
Өнер иелері қызу тойды сейсенбінің сәтінен бастап кетті. Күні кеше қазақ сахнасында «Бұлбұл құстай» әуезді үнімен танылған Нұржан Қалжан 40 жасқа толған қуанышын атап өтті.
Алматы қаласының қақ ортасындағы мейрамханалардың бірінде өткен мерейтойға шуы көп шоу-бизнестің өкілдері тегіс жиналды. Өнердегі аға буын өкілдерінің алдын Қанат пен Айтгүл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЕР мен Құдайберген БЕКІШ бастап келді.
Ұйымдастырушылар дастархан 250 адамға жайылды дегені болмаса, келген адамдардың саны 500-ге жетіп жығыла ма дерсің. Тойды тізгіндеген асабаның тілімен айтқанда, кем дегенде қырық әнші, қырық тамада – бірі келсе, бірі кетіп жатты.
Ал Нұржанның алыстан ат терлетіп келген ағайын-туыс, сыныптас, жекжат-жұрағат және қайын жұртының құдды бір тойға емес, дүбірлі кешке жиналғандай күй кешкені анық. Себебі би алаңы бір сәтке босамады. Айтпақшы, сахнадан көрінбей кеткен Динара ҚЫРЫҚБАЕВА мен Түркияға қоныс аударған Индира РАСЫЛХАН да дүбірлі тойда төбе көрсетті.
Межелі уақыттан кештетіп басталған кештің шымылдығын Нұржан Қалжанның өзі әуелі әнімен ашып берген соң, микрафонды Алихандро атымен танылхан Әлихан ЖАРҒЫШБЕККЕ табыстады. Біресе тұрып, біресе жатып сөйлеген шоуменнің жұртты ауызына қаратқанын мына бір кейпінен-ақ аңғарарсыз.
Ал әншінің Ақмарал атты сүйікті жарының қонақтарға тік тұрып қызмет етіп, жиын басталғалы тыным таппағаны көпшілікті сүйсінтті. Бұған Майра ІЛИЯСОВАНЫҢ: «Осы қызды сонау Жаркенттен өзім бастап алып келген едім, шүкір, келісті келін болып, әулетке судай сіңді», – дегені дәлел.
Нұржан да өз кезегінде анасы мен енесіне қымбат жүзік сыйға тартты. Айтпақшы, үлкен сахнаға ұзақ үзілістен кейін қайта оралған өнер иесі анасына ән арнап, той үстінде жаңа тректің тұсауын кесті. Туындының сөзі мен әнін Әлжан НҰРЛЫБЕК жазған екен.
Әрдайым ұлттық құндылықты насихаттап жүретін «Алатау серілері» ортаға көк туды алып шығып, жалынды әндерін шырқай жиналған жұртты рухани серпілтсе, Ғани мен Бота әдемі вальс билей ән салып, жасамыстардың жастығын еске салды.
Ерлан мен Баян дастарханға жайғаспастан ән салып көзден ғайып болса, «Бақай» тобындағы Бек ШӘРІП асабаның әр сөзіне масаттана күлумен болды.
Келген сыйлықтар конвертпен шектелмеді. Алыстан келген ағайындардың дені туған күн иесіне ат мінгізсе, достары ақшамен көмкерілген шапан жапты. Бірақ «сыйға – сый, сыраға – бал» деген Нұржан қонақтарды құр қайтармауға тырысты.
«Бірі – ауылдан келгенде үйіне тұрғызып пана болса, бірі – қиын күндері концерт пен тойға шақырып, тиын-тебен тауып берді», – деп Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ пен Рахман ОМАРҒА жібектен шапан жапты.
Бүркіт пен Аиша, Ұланғасыр ҚАМИ, Серікбол САЙЛАУБЕК, Мұхтар ХАНЗАДА, «Диета» тобы хит болған әндерін шырқағанда билеуге шыққандардың қарасынан ортада ине шаншар орын қалмады. Әбдіжаппар ӘЛҚОЖА «Оригиналсың» әніне салғанда Шахизаданың өзі шыдас таппай, қасына барып суретке түсумен болды.
Бұл тойда актриса Жұлдызай ДҮЙСЕНБИЕВА тағы бір қырынан танылды. Өнердегі әріптестерімен би-жарысқа түскен ол сыяпатты да, жүлдені де қолдан бермеді.
Көптен бері сахнадан көрінбей кеткен Бейбітгүл НҰРЫМҒОЖИНА да көптің арасынан төбе көрсетті. Өзі мұнысын денсаулығына байланысты ұзақ ем қабылдағанымен байланыстырды. Жеңгесі талантты қайнысына тарту есебінде бір әннің өңдеуіне жететін қаражат әкеліпті.
Бір қызығы Нұржанның үлкен сахнаға өрлеуіне ұйытқы болған алғашқы продюсері Қыдырәлі БОЛМАНОВ тойға келмеді. Мұны Майра ІЛИЯСОВА «астанадағылардың аманатын арқалап мен келген едім» деп жылы жапты.
Иә, әдетте көпшілік қырық жасқа толғанын тойлай бермейді. Бірақ Нұржан «мен ырымға емес, жақсылыққа сенемін» деп қайырды. Ендеше, кезінде тағдырдың сынына түскен өнер иесіне жарқын күндері көп болсын дейміз!