Әскери қызметшілердің қазасы: 30-дан астам адамнан жауап алынды, күдіктілер бар
Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бас прокуратураның мәліметінше, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынып, 12 сараптама тағайындалған.

Астана, NEGE. Тергеу барысында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, қажетті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленді.
Қызметке салғырт қарады деген күдікке ілінген бірқатар лауазымды тұлға анықталды. Тергеу барысында олардың метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне, қажетті бақылау шараларын қабылдауына және құтқару жұмыстарын ұйымдастыруына құқықтық баға беріледі.
«Жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты тиісті процестік шаралар қабылдайды.
Айта кетейік, нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші теңіз суына кеткен. Олардың 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметші әлі іздестіріліп жатыр.
Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.




